|
29.10.2020 | 18:22
3398

Jastar Skills – 2020: Алматыда жұмысшы мамандықтар арасында чемпионат өтті

Чемпионат өткізудің негізгі мақсаты жастар арасындағы жұмыссыздықты жою және жас мамандардың кәсіби қабілетін арттыру

Jastar Skills – 2020: Алматыда жұмысшы мамандықтар арасында чемпионат өтті

Алматыда жұмысшы мамандықтар арасында қалалық чемпионат өтті. Дәнекерлеу ісі және темір жону кәсіптері бойынша бірінші кезеңнен сүрінбей өткен үздіктер финалдық кездесуде сынға түсті. Ұйымдастырушылар елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты екінші кезеңге тек үздік шыққан 5 қатысушыны шақырған. Жас шеберлер жарысы жайлы Almaty.tv тілшісі Аслан Қажиев кеңірек тарқатсын.

«Jastar Skills – 2020» чемпионатын өткізудің негізгі мақсаты жастар арасындағы жұмыссыздықты жою және жас мамандардың кәсіби қабілетін арттыру. Сайысқа 16-дан 29 жас аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Бүгінгі бәсекеде көбіне колледж студенттері төбе көрсетті. Финалдық кезеңде екі мамандықты қоса есептегенде барлығы 10 адам сынға түсті.

«Дәл қазіргі сәтте чемпионат 2 мамандық бойынша өтіп жатыр. Бұл – темір жону және дәнекерлеу мамандықтары. Келесі аптада дизайн және киімді модельдеу, күрделі бояу, аспаздық ісі бойынша ақтық сайыс өтеді», – деді жастар ресурстық орталығының бас маманы Жанар Арнаева

Алматы автомеханикалық колледжінің шеберханасында өткен бәсекеде қауіпсіздік және санитарлық талаптар толық сақталды. Қатысушыларға арақашықтықты сақтап, медициналық бетперде тағу міндеттелген.

Жұмысқа кіріспес бұрын, дәнекерлеуші ең бірінші қауіпсіздік ережесін толық сақтау қажет. Қолда қолғап, бетте арнайы масканың болуы міндетті. Ал содан кейін материалдың қалыңдығына байланысты электрод таңдап, іске кірісеміз.

Байқауға World Skills чемпионатының сарапшылары төрағалық етті. Халықаралық бәсекенің стандарттарына сай Дәнекерлеу ісі мамандығының қатысушыларына екі арматураны 3 түрлі тәсілмен дәнекерлеу талабы қойылды. Нәтижесінде, жарыс жүлдесі тапсырманы жоғары деңгейде орындаған алматылық студентке бұйырды.

«Темір дәнекерлеу біреуге ұнайды, біреуге ұнамауы мүмкін. Өз басым бұл кәсіпті шын ниетіммен жақсы көремін. Себебі менің әкем бас механик болып қызмет істейді. Дәнекерлеу ісімен бала күнімнен таныспын», – деді байқау жеңімпазы Владислав Кевлич.

Чемпионат қорытындысы бойынша үздіктерге бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмысшы мамандықтарға арналған атаулы жарыс алдағы жылдары дәстүрлі түрде жалғасын табады.

Аслан Қажиев, Медет Саматұлы «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир