|
19.09.2021 | 20:36
1089

«Алғашқы махаббат» әнін «Неделька» субұрқағында отырғанда шығардым – әнші Марат Омаров

Алматылықтарға ерекше қуаныш сыйлаған фонтан бүгін қала күнінде қайта іске қосылды

Алматыда аты аңызға айналған «Неделька» субұрқағы қайта қалпына келтірілді. Жарты ғасыр бұрын салынған нысан тарихи қасбетін сақтай отырып жөнделді. Алматылықтарға ерекше қуаныш сыйлаған фонтан бүгін қала күнінде қайта іске қосылды. Игі бастамаға мұрындық болған шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев оның ашылу рәсіміне қатысып, жергілікті халықты мерекемен құттықтады. Шараға қатысқан Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт толық тарқатады. 

Қала күнін мерекелеу барысында 50 жыл бұрын салынған «Неделька» субұрқағының жаңарған келбеті таныстырылды. Ескі қасбеті сақталып, қайта жөндеуден өткен нысан алматылықтарды ерекше қуанышқа бөледі. Игі бастамаға мұрындық болған шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев бүгін тарихи орынның ашылу салатанатына қатысып, жиылған қауымды мерекемен құттықтады. Қайта іске қосылған субұрқақтан бөлек, сәулетшілер сол маңдағы саябақ пен Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрының алдындағы гүлзарды да қалпына келтірген.

«Мұнда инженерлік желінің қайта жаңартылғанын ерекше айта кеткен жөн. Себебі, субұрқақ өте нашар техникалық күйде болған. Біз оның бұрынғы қалпын сақтай отырып жөндедік. Мәселен, бұрын-соңды қолданылған мәрмәр тас пен гранит материалдарын тауып қойдық», – деді «Алматы Бас Жоспары» ҒЗИ сәулеттік жоспарлау және урбанистика бөлімінің басшысы Әділ Әжиев.

«Неделька» субұрқағының алғаш іргетасы 1972 жылы қаланған еді. Содан бері бір де бір рет жөндеу көрмеген субұрқақтың бүгінде қайта қалпына келуі жаңа заманда шаһардың бұрыңғы бейнесін кері қайтарды дейді еліміздің танымал тұлғалары. Осы ретте, композитор Марат Омаров «Алғашқы махаббат» әніне музыканы дәл осы саябақта шығарғанын айтып, еске алды.

«Мынау әсем қаланың субұрқағымен әсем әуен шығып тұрған сияқты. Қалдарбек Найманбаев ағамыз жазған сценарий бойынша «Алғашқы махаббат» әні дәл осы орындықта отырып, бірінші сценарийін оқып, шабыт алып, 4 сағат отырдым. Одан кейін не болды, білесіз бе? Трансфомация болды менде. «Алғашқы махаббат, жүректі тербейді, Мәңгілік бақ-құсым, Қоштасқым келмейді, Қоштасқым келмейді», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі, композитор Марат Омаров.

«Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайынов та студенттік шағы өткен бұл саябақтың көркейіп жатқанына қуанышты.

«Жастық шағымды еске түсіріп жатырмын. Айтпақшы, жастық шағымыз жаңадан «Дос-Мұқасан» құрылып келе жатқан кезде гитарамызды алып, осы жерлерде қыдырып жүретінбіз. Басқа музыканттармен кездесіп. Қазір қаланың осылай жасылданғанына бәріне біз қуанып отырмыз. Барлықтарыңызды Алматы қаласының күнімен құттықтаймыз!» – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Құсайынов.

Шаһардың дамуында маңызды тарихи нысанды қалпына келтіру үшін мұрағат деректері мен фотосуреттер де зерттеліпті. Соның нәтижесінде, саябақ пен субұрқақ максималды тарихи дәлдікпен тура 70-інші жылдардағы кейіпке қайта енген. Бұл мәдени орталық талай отандық фильмдерде де көрініс тапқан.

Жарты ғасыр бұрын салынған бұл субұрқақ әсіресе, қала «Алма-ата» аталған кездегі тұрғындардың әлі де есінде. Балалық шағында суында шомылып, алғашқы махаббатымен қол ұстасқан бұл алаң көпке танымал демалыс орны болған еді. Ал, мұндағы көздің жауын алатын шамдар мен апта атаулары жазылған 7 арка тіпті, ертегі әлеміне ертіп әкететін.

Алайда, өткен дәуірдің еншісінде кеткен бұл естелік бүгінде қайта жаңғырды. Субұрқақ тек қалпына келтіріліп қана қоймай, тарихи қалпы сақталып отыр. Осылай, өткен мен бүгінді байланыстырған «Неделька» субұрқағы бірнеше онжылдықтан кейін де, сол қариялар немерелерін ертіп келіп, демалатын мәдени орталық болып қала бермек.

Сол заманғы ұлттық нақыштағы шамдар, қайта боялған аркалар, тіпті орындық пен қоқыс жәшігіндегі ою-өрнектер де қаз қалпында сақталған. «Неделька» субұрқағы осылайша қала халқының өткенге саяхат жасауына мүмкіндік береді.

«Дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі». Яғни, аптаның қай күнінде кездесетінімізді белгілесек, сол арканың астында жолығатынбыз. Өте керемет уақыт еді. Сол естелікті жоғалтқымыз келмеген біз субұрқақтың бұрынғы қалпында сақталуын қалаған едік. Міне, бүгін қала әкімі бізді қолдағанына дән ризамыз», – деді қала тұрғыны Валентина Черных

«Менің әкемнің ағасы осы театрда дирижер болып істеген. Балалық шағымда жиі осында келетінмін. Сондықтан, мен ол кісі туралы естелігімнің сейілгенін қаламадым. Бүгінде бұл тілегім орындалды», – деді кәсіпкер Әсел Тәтішева.

Жалпы бүгінде қаланың тарихи келбетін сақтауға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асуда. Соның ішінде, Абай атындағы ұлттық академиялық опера және балет театры, «Неделька» субұрқағы шаһардың өзіндік тұтас жасыл белдеуін құрап, қоғамдық кеңістіктермен үйлесетін маңызды нысандар болып табылады.  

Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир