|
11.09.2020 | 22:52
5655

Биыл Алматыда 10 ықшам аудан толықтай сапалы ауыз сумен қамтылады

2023 жылға дейін ауыз су 105 мыңнан астам тұрғынға қол жетімді болмақ

Биыл Алматыда 10 ықшам аудан толықтай сапалы ауыз сумен қамтылады egemen.kz

Биыл Алматыда 10 ықшам аудан, яғни 39 800 тұрғын толықтай сапалы ауыз сумен қамтылады. Ал үш жылда 23 шағын ауданға су құбырлары тартылады. Осылайша 105 мың адамның үйіне ауыз су кіргізіледі. Қазір қалада су құбырларын тарту мен жаңа су қоймалар салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Қанат Байсалбеков Наурызбай ауданына қарасты «Таужолы» ықшам ауданында тұрғанына он жылдан асты. Оның сөзінше, ауыз су мәселесі тұрмысқа қолбайлау болған. Алайда мәселенің түйіні қазір шешіліп жатыр дейді.

«Бізде мынау суық судың мәселесі өте күрделі болатын. Судың келуі қысым аз, судың сапасы да нашар болатын осыған дейін. Енді, міне, мәселе шешілді. Наурызбай ауданының Таужолы тұрғындары атынан үлкен рахметімізді айтамыз. Осы судың сапасын арттыруға. Осы судың қысымының күшеюіне жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді қала тұрғыны Қанат Байсалбеков.

Қазір Таужолы ықшам ауданында осындай құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін диаметрі мынадай 15 см болған құбырлар жаңадан 53 сантимерлік құбырларға ауыстырылып жатыр. Бұл өз кезегінде келетін судың сапасы мен көлемін арттыра түспек.

Бұл ықшам ауданда 10 шақырымнан астам құбыр тартылып қойған. Енді 5 шақырымдай қалды. Одан кейін жаңадан екі су қоймасы салынады. Бірі бұлақ басында болса, енді бірі ықшам ауданның өзінде орналасады.

«Енді таза су келеді деп, бәріміз риза болып жатырмыз. Бұрын да болды ғой, бірақ оның сапасы нашар еді. Әсіресе жаңбыр жауған күндері ішіп отырған суымыз сарғайып кететін. Суды тазалауға да біраз шығынданатын едік. Енді жағдай жақсара түсетіні анық», – деді қала тұрғыны Сәкен Саинов.

Бұл Наурызбай ауданындағы бір ғана ықшамауданда жасалып жатқан жұмыстар. Бұдан бөлек аудан бойынша «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында 9 ықшам ауданға ауыз су тартылуы керек. Биыл соның 5-еуін, атап айтқанда «Құрамыс», «Қарғалы», «Жайлау», «Таужолы», «Тастыбұлақ» сияқты шағын аудандарды сапалы сумен қамтуды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Былтыр 8 ықшам ауданда, биыл 7-інде халықты сумен қамту жұмыстары басталған болатын. Оларды жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл дегеніміз 71 мыңнан астам тіршілік көзімен қамтылады деген сөз. Ал 2023 жылға дейін мөлдір, таза әрі үздіксіз су 105 мыңнан астам тұрғынға қол жетімді болмақ.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир