|
08.10.2020 | 16:42
1075

Агроөнеркәсіп саласының нақты жағдайын көрсететін шынайы статистикалық деректер жоқ – сенатор

Депутаттар қандай сауал жолдады?

Агроөнеркәсіп саласының нақты жағдайын көрсететін шынайы статистикалық деректер жоқ – сенатор turaninform.kz

Елімізде дәрілерді тіркеу механизмі күрделі. Сенатор Динар Нөкетаева Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді. Ол көптеген шектеулердің, сондай-ақ, препараттарды тіркеу кезіндегі қиындықтардың салдарынан дәрі-дәрмектердің көтерме және бөлшек саудасымен айналысатын бизнес нысандары шығынға батып отырғанын айтты. Депутаттың сөзіне қарағанда, олардың кейбірі банкрот болудың алдында тұр. Сенат депутаттары көтерген өзге де мәселелер жөнінде елордалық Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Сенат депутаты Динар Нөкетаева дәрілерді тіркеу проблемасы халық тарапынан сұранысқа ие препараттардың, оның ішінде онкологиялық ауруларға, қант диабетіне, жоғары қан қысымына және басқа да сирек кездесетін дерттерге қажет дәрі-дәрмектердің тапшылығын тудыруы мүмкін дейді. Қазіргі қолданыстағы заңнамада мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілерді сатуға тыйым салынатынын атап өтті.

«Қазақстанда дәріні тіркеу мерзімі өте ұзақ уақыт алатындығын ескере отырып Қазақстан Республикасына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелген жағдайда уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен берілетін қорытындының (рұқсат беру құжатының) негізінде тіркеу жолдарын қарастыру қажет деп санаймыз. Жоғарыда аталған мәселелер COVID-19 екінші толқынының ықтималдығына байланысты қысқа мерзімде нақты шешіледі деп сенеміз, себебі мәселе өзекті, біздің халқымыздың денсаулығы мен өмірі туралы болып отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева.

Сонымен қатар, сенаторлар аграрлық саладағы қордаланған мәселелерді де көтерді. Депутат Ақылбек Күрішбаев агроөнеркәсіптің дамуына кері әсерін тигізетін мәселенің бірі – саланың нақты жағдайын көрсететін шынайы статистикалық деректердің болмауы деп атап өтті. Оның айтуынша, жиналған деректердің дұрыстығы үлкен күмән тудырады. Қағаз жүзіндегі әдемі баяндамалардың ауылдағы жағдаймен сәйкес келмейтінін аңғару қиын емес деді.

«Осындай бұрмаланған ақпараттар «қисық айна» әсерін тудыратынын және мемлекеттік органдардың маңызды шешімдер қабылдауына негіз болатынын мойындау керек. Мұның соңы неге алып келеді? Ең алдымен, мемлекеттік жоспарлаудың дұрыс жасалмауына, қаражаттың дәл бөлінбеуіне әсер етеді. Мұны біз игерілмеген бюджет қаржысының және оларды мақсатсыз пайдаланудың көлемінен жиі байқаймыз. Мал шаруашылығында жануарлар туралы мәліметтерді бұрмалау субсидияларды заңсыз алуға жол ашады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Ал, сенатор Әли Бектаев депутатық сауалында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бас-аяғы жинақталған, түрлі бағдарламалардың басын біріктіретін, жауапты ұйымдардың жұмысын үйлестіретін, жан-жақты ойластырылған жүйелі құжат ретінде жасалмағанын сынға алды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын жасау барысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелері ескерілмеген. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» АҚ-ның қаржы институттары осы жобадан тыс қалған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2019 жылы бөлінген 448 миллиард теңге қаражаттың 1,6 миллиард теңгесі ғана ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға септігі бар 22 жобаға бөлінген. Ал 2020 жылы ауыл аумақтарында ашылатын 20 мың жұмыс орындарының 800-і ғана тұрақты болмақ. Яғни әр төрт елді мекенде орта есеппен бір ғана тұрақты жұмыс орны құрылады деген сөз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.

Бұдан бөлек, сенатор Абдалы Нұралиев Жамбыл облысы шаруаларының мәселесін көтерді.  Оның мәліметі бойынша, аймақта сумен камтамасыз ету мәселелері өте өзекті. Диқандар маңызды және шекаралас мемлекеттің су саясатына тәуелді болып отыр. Сол себепті Қырғыз Республикасы аумағындағы су қоймаларынан еліміздің су тұтынышыларының тәуелділігін азайту мақсатында Шу, Талас өзеннің бойында жоспарланған 3 жаңа су қоймалары құрылысын 2021 жылға арналған республикалық бюджеттен қаржыландыруды ұсынды.

Асылбек Тойбек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир