|
20.04.2022 | 19:24
851

Қазақстан экономикасы қиын кезеңді өткереді – сарапшылар

Мамандардың айтуынша, еліміздің сауда-саттық қатынастары, геосаяси ахуалы қайта қаралып, шұғыл өзгеруі мүмкін

Қазақстан экономикасы қиын кезеңді өткереді – сарапшылар Almaty.tv

Әлемдегі геосаяси дағдарыс кесірінен биыл Қазақстан экономикасы қиын кезеңді өткереді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сарапшылардың сөзінше, еліміздің сауда-саттық қатынастары, геосаяси ахуалы қайта қаралып, шұғыл өзгеруі мүмкін. Бүгін «Сағадиев оқулары» атты халықаралық конференция барысында экономистер осындай болжам жасады. Мамандар егер жаһандық экономика тұрақталмаса, азық-түлік жетіспеушілгіне алып келетінін айтады. Жиында жаңа Қазақстанның алдында тұрған сын-қатерлер аталып, оларды шешу жолдары қарастырылды.

«Біз академиялық байланыстарымызды нығайта береміз. Ортақ болып отырған дағдарыс мәселесін біріге шешеміз деп ойлаймын. Қазіргі уақытта геосаяси жағдай қалай өрбитіні белгісіз. Бірақ осы қалыпта жалғаса берсе әлемде жағдай қиындайды», – деді Болонья университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Массимо Бианки.

Шара барысында елімізде мемлекеттік бюджет тапшылығы байқалатыны айтылды. Мамандар Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі жасап жатқан шаралар тек қаржылық секторды жақсартуға бағытталып, нақты экономикалық секторлар тасада қалып жатқанын тілге тиек етті. Теңгеге интервенция жүргізіп, инфляция деңгейін Ұлттық қор есебінен ұстап отыру уақытша әсер береді. Сол үшін нақты экономикалық салаға мән беріп, өндіріс орындарын көбейткен жөн деген пікірлер айтылды.

«Белгілі бір дәрежеде Ұлттық банк азаматтардың жалақысын көтеруге, төлем қабілетін жақсартуға эмиссия жасау керек деп ойлаймын. Бұл отандық өнімдердің тауар айналымына оң әсер етеді. Шағын және орта бизнесті дамытуға, ауыл шаруашылығына, өндіріске қаражат бөлініп жатқанын көріп жатырмыз. Бірақ олар бюрократияға ұрынып, мәселелерді жедел шешуге кесірін тигізіп жатыр», – деді Экономика ғылымдарының докторы Геннадий Гамарник.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир