|
28.06.2021 | 13:35
4248

Дәстүрлі БАҚ-тың болашағы зор – Нұржан Мұхамеджанова

Біздің басты мақсатымыз – көрерменге шынайы ақпарат жеткізу

Дәстүрлі БАҚ-тың болашағы зор – Нұржан Мұхамеджанова

ҚазАқпарат тілшісі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесіне орай «Almaty TV» телеарнасында болып, телевизия қызметкерлерінің кадрдан тыс өмірімен танысып қайтты.

«Алматы» теларнасында жұмыс таңғы жиналыстан басталады. Онда аптаға арналған жоспарлар талқыланып, күнделікті және қорытынды жаңалықтарда шығатын сюжеттер пысықталады.

«Алматы» телеарнасы – «Almaty» телерадиокомпаниясы» АҚ эфирлік бренді. 1999 жылы қалалық телевизия базасында құрылған. 2010 жылы аймақтық арнадан республикалық телеарнаға түрленіп, 2016 жылдың ақпан айында өңірлерді тұтас қамтитын ұлттық цифрлық хабар таратушылардың тізіміне енді. Қазір «Отау ТВ» республикалық спутниктік телевизиясы арқылы Қазақстанның кез келген аймағындағы көрермен тамашалай алады. Одан бөлек, барлық кабельдік операторлар желісі арқылы хабар таратады.

«Алматы телеарнасының құрылғанына жиырма жылдан асты. Қазір жиырма бірінші теледидарлық маусымға аяқ бастық. Пандемия кезінде біздің телеарна алматылықтар үшін де, қазақстандықтар үшін де коронавирусқа қатысты негізгі ақпарат таратушы көздерінің біріне айналды. Бізді алып мегаполис тұрғындары ғана емес, еліміздің барық өңірі көреді. Арнамыз қаланың тыныс тіршілігін еш боямасыз көрсетуге тырысады. Сонымен қатар, біз үшін ақпараттың сенімділігі, жеделдігі және толықтығы басты негізгі қағидат.

Соңғы уақытта дәстүрлі телевизия бәсекеге қабілетті бола ала ма деген пікірлер көп айтылып жүр. Менің ойымша, дәстүрлі БАҚ-тың өмірі ұзақ, болашағы зор. Бұл, кез келген азаматтың нақты және шынайы ақпарат іздейтіндігімен байланысты. Мен және менің әріптестерім үшін аудитория алдындағы жауапкершілік әрқашан да жоғары болмақ. Біздің басты мақсатымыз - көрерменге шынайы ақпарат жеткізу.

Пандемияның қиындықтарына қарамастан, біз алға қарай жылжуды жалғастырамыз және көрермендер қалауын ескеріп түрлі бағдарламалар әзірлейміз. Атап айтар болсам, ақпараттық- сараптама бағдарламасы, ойын-сауық, әлеуметтік сала және тағы басқа. Қолда бар деректерге сүйенсек, Алматыда 400 мыңға жуық бала тұрады. Сондықтан біз талантты балаларды қолдау мақсатында «Almaty BalaFest» фестивалін бастадық.

Сондай-ақ, студенттердің ғылым, мәдениет, әлеуметтік саладағы озық білімдерін көрсететін «IQ Almaty» интеллектуалды шоуын атап өткім келеді. Мен жобаның жас қатысушылары қаншалықты интеллектуалды түрде дамығанын көріп, тәуелсіз Қазақстанның болашағы жақсы қолда екеніне сенімді болдым», - дейді «Almaty TV» телеарнасының Бас директоры Нұржан Мұхамеджанова.

Жақында телеарнада жаңа жоба «Алматы кеші» көрермендерге жол тартты. Ток-шоуға елімізге танымал әртістер, музыканттар, жазушылар, өнер қайраткерлері, спортшылар қонақ болып қатысып, көрерменнің көңіл сарайын ашады. Оның жүргізушісі – Тәуекел Мүсілім.

«Честно с Сергеем Пономаревым», «Шынайы Ақберенмен», «Алматы тарихы» жобасының да тұрақты көрермендері бар. Аталған бағдарламалар арнадағы рейтингісі жоғары жобалардың қатарына енеді.

«Бақытты отбасы» әлеуметтік жобасын атап өтпеске болмайды, бағдарлама апта сайын эфирге шығады. Онда көпбалалы аналардың өмірі мен күнделікті тұрмыста кездесетін қиындықтарды қалай жеңгені, шағын және орта бизнесте жеткен жетістіктері баяндалады. Айта кету керек, біздің кейіпкерлеріміз алға қойған мақсаттарына Алматы қаласы әкімдігінің қолдауының арқасында жетті.

Телеарнаның шымылдығын тікелей эфирде «Таңғы студио» бағдарламасы ашады. Бұл хабар көрерменге күні бойына жететін көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Эфир барысында Қазақстанның әр аймағындағы көрерменіміз қоңырау шалып, студия қонақтарымен тікелей байланыс орнатады, викториналар мен телеарнаның арнайы акцияларына қатысады. Біз тұрақты көрермендеріміздің сүйіспеншілігі мен қолдауына әрқашан ризашылықпен қараймыз.

Сонымен қатар, мәдени- тәрбиелік және тарихи құндылыққа бай бірқатар деректі фильмдер мен сериалдарымыз бар. Мәселен, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде биыл Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси өміріне арналған сериал түсіруді жоспарлап отырмыз. Бүгінде жобаның сценарийі жазылуда. Ал, актерлерге кастинг өтіп жатыр.

2021 жыл ел үшін өте маңызды оқиғаларға толы болмақ. Осы тұрғыда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлап жатырмыз. Осыған орай, телеарна «Тәуелсіздік – тұғырым менің», «Алматы – Тәуелсіздік бесігі» атты деректі фильмдерінің кинохроникалық циклын дайындап жатыр. Онда белгілі тұлғалар еліміздің тәуелсіздік тарихы туралы ойларын ортаға салады. Бір сөзбен айтқанда, біздің кәсіби команда әр жобаға жауапкершілікпен қарайды.

Біз қолда бар заманауи техникалық құрал-жабдықтар мен шығармашылық топтың сарқылмас қуатын қолдана отырып, талғампаз аудиторияның көзі қарақты көрермендерінің қызығушылықтарын әрқашан ескереміз. «Алматы» телеарнасы - мобильді, технологиялық және инновациялық телекомпания атану үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Төл өнімдердің сапалы болуына жіті мән беріледі. Сондықтан, көрермен назарына тек маңызды жаңалықтарды, жан-жақты зерттелген сараптамалық жобаларды, ел қызыға қарайтын мәдени-танымдық және ойын-сауық бағдарламаларды ұсынып келеміз», - деді телеарнаның Бас директоры.

Кино сүйер қауым телеарна эфирінен шым-шытырыққа толы мелодрамалық және комедиялық сериалдарды тамашалайды. Олар отандық, ресейлік, түрік және қытайлық телеөнімдер. Ал, демалыс күндері кеңестік, қазақстандық, шетелдік-заманауи фильмдердің алтын қорынан алынған киноларды көре алады. Одан бөлек, мереке күндері ойын-сауықтық шаралар мен концерттік жобалар телеарна эфирінен беріледі.

«Мемлекеттік саясатты қолдаушы ретінде біз көрермендердің назарына Алматы қаласы әкімдігінің экономика, әлеуметтік өркендеу, өндіріс, инфрақұрылым салаларындағы ілкімді жұмыстары мен тиімді реформалары туралы жаңалықтарды ұсынамыз. Телеарнаның жүрегі – жаңалықтар деген ұғым бар. Расында солай. Бізде бірнеше редакциялық бөлім бар. Қазір коронавирусқа қарсы вакцина, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған айдарлар бар. Өздеріңіз білетіндей, біз тікелей эфир форматын өте тиімді қолданамыз. Мәселен, аптаның әр сәрсенбісінде «Akimat Live» бағдарламасы қала әкімінің қатысуымен тікелей эфирде көрсетіледі. Жоба барысында кез келген қала тұрғыны өзінің сұрағын қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа тікелей эфирде жолдап, сол сәтте нақты жауап ала алады.

Қырағы журналистердің арқасында біз адам құқықтарының бұзылуы мен түрлі әділетсіздік, әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді шешуге ұйытқы болып жүрміз. Болашақта біз көрермендерімізге жағымды әсерлер сыйлайтын бағдарламалардың санын көбейткіміз келеді», дейді Бас директордың контентті басқару жөніндегі орынбасары Құрманәлі Қалмахан.

Тілші де тілекші Рамина Мирзалимова «Алматы» телеарнасына жұмысқа 2019 жылы келді.

«Мен Тараз қаласының тумасымын. Алматыға кәсіби өсу үшін келдім. Телеарнаға журналист керек екенін естіп, өзімді сынап көруге шешім қабылдадым және тағылымдамадан өттім. Біраз сюжеттер дайындап өзімді көрсеттім. Кейін мені жаңалықтар бөліміне жұмысқа қабылдады. Біз күн сайын қаланың өзекті тақырыптарын көтереміз. Менің дайындаған сюжеттерімнің арқасында тұрғындардың мәселелерінің оң шешілген кездері жиі кездеседі. Маған мамандығым, жұмысым қатты ұнайды. Мен үшін қоғамға пайдалы екенімді сезіну маңызды», дейді Рамина.

«Almaty TV» Бас директорының стратегиялық даму және маркетинг жөніндегі орынбасары Ралида Мұқанованың айтуынша, соңғы жылдары арна бағдарламаларының сапасы артты.

«Бізде танымдық, авторлық бағдарламалар мен телесериалдар бар. Жазушылар одағының 85 жылдығына орай шағын деректі фильмдер топтамасын түсірдік. Жинақ - кітап шығардық. Пандемия кезінде біздің журналистер өздерінің төзімділігі мен кәсіби шеберліктерін дәлелдеді. Олар қауіпті аймақтарда жұмыс істеді. Әрине, қиын болды. Бірақ біз төтенше жағдайда қалай жұмыс істеу керектігін үйрендік. Біз- тілшілері тоқтаусыз жұмыс істеген жалғыз – арна болдық. Кейбір бөлімдер қашықтықтан жұмыс істеген кезде жаңалықтар қызметі әрқашан алдыңғы қатарда болды. Ақпарат нақты әрі шынайы беріліп отырды. Әр тұрғынға объективті ақпарат қажет болды. Біздің сайтқа күніне үш жүз мың адам кірген кездер де болды», деді ол.

Енді «Almaty TV» телеарнасының журналистері қаланың кез келген нүктесінен тікелей эфирге шыға алады. Бұл ең дамыған портативті онлайн хабар тарату жүйесінің арқасында мүмкін болды. Репортер қай жерде болмасын, жүйе Full HD режимінде жоғары сапалы сигнал жібереді.

Қоюшы – оператор Эльдар Мұқашев арнада он жылға жуық уақыт жұмыс істейді.

«Мен негізінен тікелей эфирде жұмыс істеймін. Тікелей эфир - үлкен жауапкершілік. Бірақ мен өз жұмысымнан ғана рахат аламын», деп бөлісті ол өз ойымен.

Телеарнаның ардагер операторларының бірі – Мұрат Тайжанов. Ол жалпы тәжірибесі 100 жыл болатын телевизиялық әулеттен шыққан кәнігі маман.

«Мен еңбек жолымды 1996 жылы Павлодар қаласындағы облыстық телеарнадан бастадым. Менің нағашыларымның бәрі телеарнада жұмыс істейді. Анамның бауырлары мен әпкелері - режиссер. Мен Алматыға келдім, өйткені үлкен қалада көптеген мүмкіндік бар деп сенемін. Бүгін мен «Almaty TV» арнасында оператор болып жұмыс істеймін. Біздің жұмысымыз өте қызықты. Жақында жаңа камералар келді. Жаңа технологиялардың арқасында жұмысымыз жеңілденіп, ыңғайлы бола бастағанын байқап жүрмін. Бірақ, қандай камера болмасын, оператордың өзіндік көзқарасы болуы керек. Мамандығымды жақсы көремін. Мамандық таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Теледидар тәуелділікті тудырады. Мұнда келгендердің кеткісі келмей қалады», деді ол.

2018 жылы «Almaty TV» телеарнасы телевизия журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан Алғыс хатпен марапатталды.

2020 жылы «Үздік аймақтық арна» номинациясы бойынша «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алды.

Тәулік бойы орташа хабар тарату уақыты – 24 сағат. Эфирден берілетін бағдарламалардың 55% мемлекеттік тілде көрсетіледі. Телеарнаның «Нұр-Сұлтан» қаласында қосыны бар.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әңгімеміздің соңында мен барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді», деп сөзін аяқтады Нұржан Мұхамеджанова.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир