|
24.05.2019 | 16:30
3262

Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды тасжолы жыл соңына дейін аяқталады

Тасжол бітсе, бұрын сағатына 20-30 шақырым жүретін жерге, 90-120 жылдамдықпен жетуге болады

Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды тасжолы жыл соңына дейін аяқталады

Елдегі көлік жолдарына жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қызылорда – Жезқазған – Қарағандыны  өзара қосатын торапқа қаржы іздеуде. Мамандар қомақты сома пайда болса, тұрғындардың қатынауын жеңілдететін тас төсемеге бүгін-ақ кірісуге даяр. Сондай-ақ алдағы жылдары Орталық пен Батыс Қазақстанды байланыстыратын 1200 шақырымдық жол құрылысы басталуы мүмкін. Бұл мәселе жайлы толығырақ ҚР Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары  Сәтжан Аблалиевтің сұхбатынан біле аласыздар.  

– Сәтжан Әйтенұлы, армысыз! Бүгінгі күні елімізде, қай аймақтарда ірі жолдардың құрылысы жүріп жатыр? Сол аймақтарда тораптардың құрылысы біткенде қандай өзгерістер күтуге болады?

– Қазір жол саласындағы жобалардың бәрі «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында салынып жатыр. Егер осыны ел картасында қарасақ, онда 12 жоба бар екенін байқаймыз. Олардың бәрі республика бойынша тең таралған. Негізінен бұл жұмыстар біздің магистарльдардың жағдайын жақсарту, қайта салу емес, сол өңірлердің экономикасын жақсартып, халыққа жұмыс орнын беру және сондағы құрылыс материалдарын шығаратын мекемелердің тауарларын алуға бағытталған. Сондықтан бүгінде түгелге дерлік барлық облыстарда жұмыстар жүріп жатыр. Бұл бастамалар жолдардың сапасын ғана жақсартпайды, сонымен қатар елдің, өңірдің экономикасына әсер ететіні белгілі. Мысалы, жол жүру жылдамдығы үш есеге дейін артады. Бүгінгі күні орташа жылдамдық сағатына  20-30 шақырым болса, баратын жеріңізге 90-120 жылдамдықпен жетуіңізге болады. Сонымен қатар жолдардағы қауіпсіздік жағдайы жақсарады. Жобаларды дұрыс жолға қоя алсақ, онда кейбір жерлерде 50-100 пайызға дейін жол-көлік оқиғаларын азайтуға болады. Мысалы бұрынғы жолдарда апаттың ең ауыр түрі – бетпе-бет соғысу болса, төрт жолақты жолдар салғаннан кейін осындай жағдайлар сирек ұшарасатын болды. Жолдағы өлім жағдайы азайып жатыр.

– Сәтжан Әйтенұлы, биыл елдегі жолдарды жөндеуге қанша қаржы бөлінген?

– Биылға нақтыланған бюджет көлемі 400 миллиард теңге.  Осы қаражаттың аясында 4400 шақырым жолды қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұлардың барлығы – республикалық жолдар. 1500 шақырымда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 100 шақырым учаскілер күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Енді жыл соңында 1500 орташа жөндеу барлығы аяқталады. Реконструкцияда жатқан жолдардың 500 шақырымнан астамы эксплуатацияға қабылданады.

–  Жақында министр Роман Скляр ел астанасы мен Павлодарды қосатын жолдың құрылысы бітпей жатқандығы туралы наразылығын білдірген болатын. Бұған не себеп? Және құрылысы өз мерзімінен ерте аяқталған жолдар бар ма бізде?

– Иә, министріміз өңірге барған кезде осы жол жөніндегі өзінің пікірін айтқан болатын. Осы жолдың құрылысын былтыр бітіруіміз керек болған. Бірақ бір себептерге байланысты құрылыс бітпей қалды. Аз ғана уақыт қалған кезде бір айналма жолды қалдырып кеттік. Ол өте ыңғайсыз жағдай. Бұның негізгі себебі алдыңғы жылы құрылысты бастаған Иран компаниясы міндеттерін орындай алмай, олармен келісімшартты бұзуға тура келді. Соған байланысты аз уақыттың ішінде жаңадан конкурс өткізіп, бүгінде ол жерде 3 қазақстандық компания жұмыс істеп жатыр. Енді жұмыс биыл жыл соңына дейін толықтай бітеді деп күтіп отырмыз.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Әңгімелескен: Нұржан Сәдірбай

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир