|
20.05.2019 | 19:37
3311

Алматы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы – 76 жыл

Алматы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы – 76 жыл

Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасында орын тапшылығы шешіледі. Биыл ғимаратқа қосымша 70 орындық бөлімше ашу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау саласындағы осы және өзге де маңызды ақпараттар жайында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев Almaty.tv тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

– Қанат Дүйсенбайұлы, жалпы «Алматы – 2020» даму бағдарламасы қабылданғалы бері қаланың денсаулық сақтау саласында қандай оң өзгерістер пайда болды, қандай нәтижелерге қол жеткіздік?  

– Қаладағы денсаулық сақтау саласы жылдан жылға жақсарып келеді дей аламын. Өйткені, қала әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігі саланы дамытуға қаражат бөліп, оны дамытуға күш салып келеді. Көрсеткіш жайлы айтсақ, мысалы Алматы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы – 76 жыл.  Ал, республиканың басқа өңірлерінде 72 жыл. Осыдан-ақ біраз нәрсені аңғаруға болады. Өмір сүру ұзақтығы, ол әрине, ең біріншіден денсаулыққа байланысты. Ана өлімі соңғы бес жылда 15 пайызға азайған. Жылдан жылға бұл көрсеткіш азайып келеді. Өйткені ана өлімі ол тек қаланың көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің көрсеткіші болып табылады. Сондықтан бұндай көрсеткіштерге біздер ерекше назар аударып отырмыз. Сонымен қатар, балалар өлімі де жылдан жылға азайып келеді.

Бала өлімінің себептері – ол туа бітті ақаулардың дер кезінде анықталмауы болып табылады. Неонатальді, яғни туған кезде пайда болған өлім деңгейі, өкінішке қарай, жоғарылау. Бірақ басқа өңірлермен салыстырғанда көрсеткіштеріміз жақсы.

– Емханалар мен ауруханаларда орын тапшылығы қазір қалай шешіліп жатыр? Бұрынғыдан жүктеме азайды ма? Осы «Алматы 2020» даму бағдарламасы аясында қалада жаңадан қанша медицианалық мекеме бой көтерді?

– Алматы қаласында 131-ден астам медициналық мекеме бар. Олардың 77-сі мемлекеттік, қалғанының барлығы – жекеменшік. Кезек немесе ауруханаларда орын жоқ деген жағдайлар жоқ. Халық тарапынан, Алматы тұрғындарының тарапынан өте жиі еститін шағымдарымыздың бірі – балалар жұқпалы ауруханасындағы орын тапшылығы. Бұл проблеманы шешу үшін қазір жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтсам, 70 төсекке қосымша инфекциялық аурухана бөлімшесін салуға жаңа жобалық-сметалық құжаттар дайындап жатырмыз. Былтыр Алматы қаласы бойынша соммасы 12 млрд. теңгеден астам 11 медициналық мекеме іске қосылған болатын. Сонымен қатар, жедел-жәрдем қызметінің станцалары ашылды.  

– Енді осы денсаулық сақтау саласын әрі қарай дамыту үшін биылға қандай жоспар құрып отырсыздар?  

– Биыл бізде 4 мекеме іске қосылады. Біздің басқарма алдында қала әкімі ең біріншіден, дәрі тапшылығын шешуге бағыт бұрған. Былтырмен салыстырғанда Алматы қаласының тұрғындарынан тегін берілетін дәрілердің жетіспеушілігіне қатысты түсетін шағымдар  күрт азайды. Енді мұның бәрі жоспарлы түрде жүргізіліп жатқан жұмыс деп ойлаймын. Енді жылдың аяғына қарай жақсы көрсеткішке қол жеткіземіз деген ойдамын.    

– Қанат Дүйсенбайұлы, сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен, Айдана Мейрамбайқызы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир