|
08.04.2021 | 19:17
4693

ДСМ сәуір айының аяғына дейін екі миллионнан аса адамды вакцинацияламақ

Ол үшін алдағы уақытта Ресейден Қазақстанға «Спутник V» вакцинасының тағы 4 миллион дозасы әкелінбек

ДСМ сәуір айының аяғына дейін екі миллионнан аса адамды вакцинацияламақ Фото: krivoe-zerkalo.ru

Елімізде Денсаулық сақтау министрлігі сәуір айының аяғына дейін 2 миллионнан аса адамды вакцинацияламақ. Ол үшін алдағы уақытта Ресейден Қазақстанға «Спутник V» вакцинасының тағы 4 миллион дозасы әкелінбек. Ал, бүгінде бұл вакцинаны әлемнің 50 елі қолдануда. Коронавируспен күресте кеңінен пайдаланылып жатқан ресейлік вакцина туралы ғалымдар не дейді? Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Бүгінде жаһанға танымал «Спутник V» вакцинасы Ресейде Гамалей атындағы ғылыми-зерттеу орталығында 2019 жылдың соңында жасалып, былтыр наурызда тәжірибеден өткен. Бүгінде вакцина ресми тіркеуге алынып, әлем елдері тарапынан кең сұранысқа ие болуда. Әзірлеушілердің айтуынша, оның тиімділігі 90 пайыздан асады екен.

«Бустерлік вакцинациялау нәтижесінде адам ағзасы вирустан 100 пайыз қорғалады деуге болады. Себебі, иммундық жүйе бөтен қоздырғыштарға жауап беріп қана қоймай, жасушаларда есте сақтау қабілеті қалыптасуы нәтижесінде - ұзақ мерзімді иммунитет қалыптасады. Яғни, ағзадағы антиденелер қоздырғышпен қайта кездескенде бірнеше күн ішінде қайта жасақталады», – деді Н. Ф. Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург.

Бүгінде ««Спутник V» вакцинасының 14 миллион дозасын әлемнің 50 елі қолдануда. Ал, ресми тіркеуге алынған өзге вакциналарды қолданған Еуро одақ елдері эпидахуалдың ушығуы нәтижесінде халыққа ресейлік вакцинаны ектіруге рұқсат берді. Мәселен, АҚШ-та салынып жатқан «Джонсонс-Джонсонс» екпесі адам ағзасын вирустан тек 70 пайызға ғана қорғайды екен. Десе де Америка билігі халықты жаппай вакцинациялау арқылы шілде айында қалыпты өмірге ораламыз деп отыр.  

«Қазір Еуропалықтарда «Астрозенок» вакцинасынан басқа «Файзер»-ді ектіруге мүмкіндік бар. Себебі саяси келеңсіздіктерге байланысты бұл елдерде вакцинаны сатып алу процесі бәсеңдеп қалды. Жағдай өте қиын. Бірақ бүгінде еуропалықтардың белсенділік танытуының нәтижесінде,халықтың 12 пайызға жуығы екпе алып үлгерді. Соның ішінде «Спутник V» вакцинасын салдырғандар да бар», – деді профилактикалық медицина академиясының президенті, профессор Алмаз Шарманов.

«Спутник V» вакцинасының тиімділігін түрік ғалымдары да растауда. Олар препараттың алғашқы дозасының өзі иммундық қорғанысты дамыта алады дейді. Алайда бұл елдің өзі Pfizer мен Sinovac-ты қолданғанымен, отандық вакцина жасауды көздеп отыр. Жалпы жыл басынан бері Түркияның 7 миллионнан аса тұрғыны ковидке қарсы екпе алған.

«Ресейлік вакцинаның артықшылығы – бұл екпені алғандарда ешқандай ауыр асқынулар болмайды. «AstraZeneca»-мен салыстырсақ, «Спутник V»-ді салғанда, қан ұюының ықтималдығы өте төмен. Қазір біз коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина жасау бойынша 6 жобаны жүзеге асырудамыз. Клиникалық сынақтар аяқталғаннан кейін препараттар өндіріске жіберіледі», – деді Covid-19 қарсы күрес жөніндегі түрік кеңесінің мүшесі, профессор Тевфик Озлу.

Ал, елімізде халықты кезең-кезеңмен вакцинациялау биыл ақпан айында басталды. Қазір «Спутник V» Қарағанды фармацевтикалық кешенінде де өндірілуде. Нақтылап айтқанда, Ресейден жеткізілген препарат сұйықтығын отандық мамандар дайын вакцина болғанша өздері өндіреді.

«Бұл зерттеулерге толық сараптама жасалады. Өйткені, қолданысқа енгізу үшін вакцина қауіпсіз болуы керек. Соңында біздің сарапшылар клиникалық тәжірибенің бірнеше сатысында тексереді. Осыдан кейін ғана халыққа вакцинация жүргізуге рұқсат беріледі», – деді ҚР ДСМ Халықты иммунизациялау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссиясының мүшесі Жаннат Сатыбалдиева.

Қазір «Спутник V» вакцинасы Үндістан, Оңтүстік Корея, Италия елдерінде де өндірілуде. Мамыр айына дейін вирусқа қарсы екпенің тағы 10 миллион дозасы жасалмақ. Ал, Қазақстанға ресейлік екпенің тағы 4 миллионы жеткізіледі деп жоспарланып отыр.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир