|
24.12.2019 | 12:34
7510

Алматыда қала әкімінің шыршасы өтті

Аяз ата, Ақшақармен бірге Алдаркөсе, Тазша бала және «Мұзды Джек» мультфильмінің кейіпкерлері балалардың көңілін аулады

Алматыда қала әкімінің шыршасы өтті Фото: пресс-служба акима города Алматы

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен аз қамтылған отбасылар мен ата-ананың қарауынсыз қалған 200 бала үшін жаңа жылдық мереке ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қаладағы Қабылдау үйінде өткен Жаңа жылдық кеште ертегі кейіпкерлері театрландырылған қойылым қойды. Ал цирк саңлақтары әуеде күрделі трюк жасап, көпті тәнтті етті. Шарада әр бала жалпы сомасы 100 мың теңге болатын сыйлыққа ие болды.

Әдемі костюмдерін киіп, қуаныштан жүздері жарқыраған балалар бас шырша мерекесіне асыға келді. Өйткені, оларды қабылдау үйінің кіреберісінен бастап түрлі түсті костюм киген ертегі әлемінің кейіпкерлері қарсы алды.

Бас шыршаға жиналған балалардың әрқайсы ерекше қамқорлықты қажет етеді. Басым бөлігі балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі балғындар мен тұрмысы төмен отбасылардың бүлдіршіндері. Шараға жиналғандардың аса дайындықпен келгені байқалады. Өйткені, бір-біріне мүлде ұқсамайтын ерекше әрі әдемі костюм киіп келіпті. Мейрамда Аяз ата мен Ақшақар балалардың көңілін көтеруге тырысты.

Аз қамтылған отбасылар мен ата-ананың қарауынсыз қалған екі жүз баланың қуанышын бөлісуге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев келді. Ақжарма тілегін айтып, келе жатқан жылда дендері сау, табысты болуларын тіледі.

«Адамның ең керемет кезеңі – балалық шағы. Бұл бір өзі ертегі секілді. Ал барлықтарыңыз ертегіге ұқсайтын таңғажайып Жаңа жылды ерекше күтесіздер! Оны әдемі костюм киіп, балбұл жанған түрлеріңнен байқаймын. Бүгін көңіл-күй сыйлау үшін мейрамның басты нышаны Аяз ата мен Ақшақар да осында жүр. Қазір заман өзгеріп, сендердің өз батырларың бар. Жаңа жылға іштеріңнен тілеген тілек пен арман-ойларыңыз орындалсын! Бастысы – жақсы оқып, білімге ұмтылу. Еліміздің лайықты азаматтары болыңдар!», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.


Кейін Жаңа жылдық шыршаның шамы жағылып, шараның көркі одан сайын ашылды. Мерекеде Алдар көсе, Тазша бала және «Мұзды Джек» мультфильміндегі қойылымның кейіпкерлеріне айналды. Балалар жасыл шыршаны шыр айналып, мәре-сәре болды.

Жаңа жылда Қазақстан халқына тілек айтып, дайындаған тақпағын айтуға асыққандар көп болды. Ата-ананың аялы алақанын сезбей өскен олар бұл өмірде бастысы жақсы оқып, елге елеулі азамат болуды армандайды.

БЛИЦ

«Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Отбасыларыңызға береке, шаттық алып келсін!»

«Жаңа жылда балалар тек қуаныш көріңдер!»

«Ауырмаңдар ешқашан! Мықты болу өзіңнен!»

Мерекеде әр балаға сыйлықтар салынған арнайы сөмкелер сыйға тартылды. Құны 100 мың теңге болатын сыяпат кәдеге жарайды дейді ұйымдастырушылар. Ішінде ойыншығы бар. Әрине, жаңа жыл қалай тәтті-дәмдісіз болмайды. Және Абайдың кітабы бар. Ал, ең басты сыйлық – құны  қымбат нетбук. Ол – балаларға сабақ оқуға аса қажетті техниканың бірі.

Жаңа жылдық кеште «Наз», «Аспан», «Еркеназ» би ұжымдары және «Diamond» шоу-балеті, цирк артистері мен отандық жұлдыздар өнер көрсетті. Мұрат Мұтұрғановтың арнайы шоуын да балалар таңданыспен тамашалады. Мереке соңында балғындар тәттіге толы дастарханнан дәм татты.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир