|
28.12.2018 | 12:20
11038

Димаш Құдайбергеннің әні Ресейде тағы да топ жарды (видео)

Димаш Құдайбергеннің әні Ресейде тағы да топ жарды (видео)

Ресейлік телеарнаның YouTube парақшасында жарияланған Димаштың видеосын 2 миллион 258 мыңнан астам адам тамашалапты

Димаш Құдайбергеннің «Грешная страсть» әнін орындаған сәті «Россия 1» арнасының 2018 жылғы ең танымал видеосы болды, деп хабарлайды Sputnik.

Телеарнаның ресми YouTube парақшасында видеоны екі миллионнан астам адам тамашалаған.

Қыркүйек айында Димаш Құдайберген «Новая волна» халықаралық байқауында көрермендерді тәнті етті.

Сахнада құрметті қонақ ретінде өнер көрсеткен жас әнші дауысымен жиналған жұрттың жүрегін жаулап алды. Димаштың дарынын Филипп Киркоров, Николай Басков және Игорь Крутой сынды ресейлік әртістер мойындаған. Кейінірек отандасымыз «Субботний вечер» бағдарламасында ән шырқады.

Қараша айында Димаш алғаш рет Кремль сахнасында ән айтты. Оның орындауындағы «Любовь уставших лебедей» әнін композитор Игорь Крутой сүйемелдеген. Димаштың Кремльдегі алғашқы жеке кеші 22 наурызда өтеді, билеттер қазірден бастап сатылып жатыр.

Димаш Құдайберген Қытайдағы I am a singer жобасынан кейін бүкіл әлемдік танымалдыққа ие болды. Байқауда екінші орын алған жас әнші миллиондаған тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Аспан асты елін аузына қаратқан ол Лондонда жеке концерт беріп, Ресейдің ірі сахналарында өнер көрсеткен.

Димаштың вокалдық диапазоны – бес октава, төрт нота және бір жарты тон.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир