|
Мәдениет және шоу-бизнес
12.04.2019 | 14:30

Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер театры «Маугли» ертегісінің жаңа нұсқасын ұсынды

Бұл жай ғана қойылым емес, нағыз акробатикалық шоу десе де болады

Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер театры «Маугли» ертегісінің жаңа нұсқасын ұсынды

«Маугли» ертегісінің жаңа нұсқасы Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында көрермен назарына ұсынылды. Қойылым авторлары барлығын ерекше жасауға тырысқан. Жылжымалы декорация мен түрлі-түсті киімдер классикалық шығарманы жаңа қырынан көрсетті деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алғашқы сәтінен бастап, балалардың назарын аудартқаны – жауыз жолбарыс Шерхан мен дана қасқыр Акеланың диалогы. Джунгли әлемінің қатаң заңын көрсетіп, өз рөлдеріне шынайы ене білген актерлар ертегіні одан әрі қызықты ете түсті.

«Театр институтының бірінші курсында студенттер міндетті түрде жанрлар этюдын орындайтыны барлығына белгілі. Біз зообаққа барып, түрлі жануарлардың іс-әрекетін бақылайтынбыз. Осы тәжірибеміз қазір көмегін тигізіп жатыр. Қанша уақыт өткеннен кейін маңыздылығын жоғалтпаған қойылымды өз деңгейінде көрсетуге тырысып жатырмыз», - дейді актриса Критина ЗОЛОЧЕВСКАЯ.

Сахнада кейіпкерлердің осылай емін-еркін қозғалып, шынайылықты көрсетуі үшін әртістер тынбай еңбектенгендерін айтады. 3 ай көлемінде физикалық тұрғыдан да дайындалған. Өйткені бұл жай ғана қойылым емес, нағыз акробатикалық шоу десе де болады.

Кейіпкерлердің қозғалуына қиын болмас үшін барлық киімдері арнайы тігіліпті. Жасанды жүннен жалтыраған тастарға дейін қолмен жасалған. Декорацияға да асқан ыждаһаттылықпен қараған. 500 метрден астам матаны талап еткен сахналық бұйымдар қолмен жасалғандықтан, 3D әсерін береді.

«Мен өз рөлімді сомдаудан рахат аламын. Сырт көзге көрініп те тұрған шығар. Өз жұмысымнан өзім ләззат алсам, тамашалап отырған көрермен де сырт қалмас», - дейді актер Никита КОНЬШИН.

Костьюмдер, декорациялар режиссердің тың туындысы. Бірақ Киплингтің классикалық ертегісінің мазмұны бәз қалпында қалдырылған. Сахнада да, өмірде болсын – жақсылық жамандықты жеңеді.

«Джунглиді біздің әлеммен салыстыруға болады. Мұнда да өз ережелерімен өмір сүретін дос та, дұшпан да бар. Балалар осыны жануарлар кейпінде көргені қызықтырақ деп ойлаймын», - дейді актер Мирбулат БЕРНИЯЗОВ.

Барлығының сүйіктісіне арналған кейіпкерлер өз көрермендерін Наталия Сац атындағы театр сахнасында күтеді. Қазірдің өзінде жаңа қойылым өз бағасын алып үлгерген. Мұнда келген кішкентай балалар да, олардың ата-аналары да қойылымнан ләззат алғандарын айтты.

Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы

МАҚАЛАДА

театр спектакль