|
07.03.2019 | 14:34
10105

Құнды жәдігер: Ықылас атындағы музей Шәкәрім домбырасымен толықты

Семейлік кәсіпкер Медғат Құлжанов Шәкәрім Құдайбердіұлының өзі ұстаған домбырасын музейге әкеліп тапсырды

Құнды жәдігер: Ықылас атындағы музей Шәкәрім домбырасымен толықты

Алматыдағы Ықылыс атындағы музыкалық аспаптар музейі тағы бір құнды жәдігермен толықты. Бүгін семейлік кәсіпкер Медғат Құлжанов Шәкәрім Құдайбердіұлының өзі ұстаған домбырасын музейге әкеліп тапсырды. Оның қолына Абайдың дәстүрін жалғастырушы ақынның түп нұсқа аспабы осыдан 15 жыл бұрын түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мәрт азамат 50 шақты студентті тегін оқытқаны үшін домбыраны Семейдегі университеттердің бірінің ректоры тапсырған екен. Ал университет басшысына ауыл мұғалімі тарту еткен көрінеді. Ұрпақтар көкірегіне Шәкәрім жырлары қонсын деген мақсатпен меценат 2010 жылы әуелі Астанада, кейін Лондонда «Шәкәрім» симфониясының премьераларын өткізген.

«Мен кішкентай туғанымнан ол кісі халық жауы болып тұрғанда әкемнің арқасында ол кісілер сол уақытта маған Шәкәрімнің өлеңдерін маған жазғызып, өзі өлең айтып. Мен сол түсінігім Шәкәрімнің керемет ақыл, керемет әнші, ақын екенін әкемнің арқасында түсіндім. Содан өсе келе, оны қалай уағыздасам деген ойға келдім. Үйде ұстағанша, халық көрсін, ел көрсін, осы мұражайға тапсырғаным жөн болар деп ойландым», – дейді домбыраның иесі Медғат ҚҰЛЖАНОВ.

Жалпы, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде 1500-ге жуық музыкалық экспонат бар. Тарихы 2 ғасырға жуықтайтын жәдігерлердің 70 шақтысы өнерпаздардың қолының табы сіңген түпнұсқа екен. Елбасымыздың бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы серпіліс берді деген мамандар экспонаттарды жер-жерден іздей бастаған. Нәтижесінде, 2017 жылы Ақан серінің, 2018 жылы Құрманғазының домбырасы мұражайға қабылданған еді.  

«Еліміздің әр өңірінде қалыптасқан әншілік, күйшілік, жыршылық мектептердің ірі өкілдері: Махамбет, Құрманғазы, Біржан сал, Ақан сері, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Ахмет Жұбанов, Дина әжеміз, Абай, Жамбыл, Кенен сияқты керемет тұлғалардан мұраға қалған құнды жәдігерлер 1980 жылы ашылғалы бері осы музейге жинала бастады. Абай, Шәкәрім бабаларымыз әншілік, сал-серілік мектептің үлкен реформаторы саналады ғой. Олар да қазақ ән өнеріне жаңашылдық алып келген. Сондықтан да төрде Абай, Жамбыл және Шәкәрім бабамыздың домбырасы тұратын болады», – деді Ықылас атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар музейінің директоры Ұлжан БАЙБОСЫНОВА.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир