|
Mádenıet jáne shoý-bıznes
16.10.2019 | 20:59

Құрманғазы оркестрінің 85 жылдығына орай мерекелік концерт өтті

Шара 30 қазан күні кешкі 19:00-де Нұр-Сұлтан қаласында да тойланбақ

Құрманғазы оркестрінің 85 жылдығына орай мерекелік концерт өтті

«Қазақтың інжу - маржаны» атанған Құрманғазы оркестріне биыл 85 жыл. Осыған орай, Республика сарайында мерекелік концерт өтті. Шығармашалық ұжым бүкіл әлемге халқымыздың музыкалық өнерін, аспаптарын кеңінен танытып келеді. Қазір оркестрдің репертуарында 5 мыңнан астам туынды бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оркестр Қазақстанның өнер тарихында аты алтын әріппен жазылады. Мерейтой аясында еңбегі еленген бірқатар музыканттар төсбелгімен марапатталды. Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов қала басшысы Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау сөзін оқып берді.  

«Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Адайын», Дәулеткерейдің «Құдашасын», Дина апамыздың «Әсем қоңырын», Тәттімбеттің «Саржайлауын» әлем жұртшылығына танымал еткен ұжым жоғары бағаға лайықты. Тағылымды тарихымыздан, өнегесі мол өткенімізге сыр шертетін қазақтың күйлерін күмбірлетіп, әнін әуелету – нағыз рухани жаңғыру. Оркестрдің бүгінгі құрамындағы майталман музыканттар ел руханиятының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ұжымдарыңыз үшін зор мақтаныш. Алдағы уақытта да Құрманғазы оркестрі асқан асулар, биік белестерді бағындыра беретіндеріңізге сенімім мол», - деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.

Халқымызды ұлттық мұрамен сусындатып жүрген оркестрдің ел руханиятының дамуына қосқан үлесі мол. Дүйім ел алдағы уақытта да ұжымнан тың туындылар күтеді. Бүгінде оркестрге Абылай Тілепберген бас дирижерлік етеді. Ол аға буынның сара жолын жалғаймыз деп отыр. Яғни, туындыларда өзгеріс болғанымен, бұрынғы сарыннан ауытқымайды. Айта кетейік, «Құрманғазы» оркестірінің ұйымдастырушысы, бірінші көркемдік жетекшісі, алғашқы  дирижері атақты композитор Ахмет Жұбанов болатын.

«Бүгінгі таңда біздің концертімізде осы 85 жылдықты үлкен ауқымда тойлаймыз деген ойымыз болды. Және де концерттің репертуары бұрынғыға қарағанда өзгеше. Әрине, бабаларымыздан, атамыздан келе жатқан дәстүр ізінен ауытқымай, соның негізінде басқаша көрерменге қырынан көрінгіміз келеді», - деді Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестірінің бас дирижері Абылай ТІЛЕПБЕРГЕН.

85 жылдық мерейтойға арналған салтанатты концерт енді Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылмақ. Шара 30 қазан күні кешкі 19:00-де «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді. Аталған кеште КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Нұржамал Үсенбаева, Сүндет Байғожин сынды майталмандар өнер көрсетеді.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы