|
07.02.2019 | 16:44
10896

Алматыда зағип жандар салған суреттер көрмесі ашылды

Выставка "Чувства за пределами видимости" прошла в городе. На ней собрали средства для покупки тренажеров для будущих паралимпийцев

Алматыда зағип жандар салған суреттер көрмесі ашылды

«Көру шегінің сезімі». Алматыда зағип жандардың көрмесі ашылды. Мүгедектер көпшілік назарына өз қолдарымен салған суреттерін ұсынған. Оған жалпы саны 140 жұмыс қойылыпты. Туындыларда зағиптер өздерінің жандүниесін жарық дүниеге жеткізуге тырысты, деп хабарлайды Almaty.tv телеарнасының тілшісі.

Зағип жандар бейнелеу өнерінің түрлі әдістерін пайдаланып, қиялдарындағы туындыға жан бітірген. Көрмеде арнайы қойылған музыка күнделікті күйбең тірлікті бір сәт ұмыттырып, ерекше туындылармен етене танысуға мүмкіндік береді. Мұнда жарық та әдеттегіден бәсеңдеу жасалған.  

«Менің ойымша, көрме оны тамашалауға келген жандарға да, қылқалам шеберлеріне де еркіндік береді. Себебі, кез келген шығармашылық аспанда қалықтауға шақырады. Оны сезіну керек, қиялға ерік беру керек. Оны байланысқа шақыру деп те айтуға болады», – деді суретші арт-тренер Лариса АРЮТКИНА.

Жұмыстардың арасында автопортреттер назарға ұсынылды. Ол еңбектердің ерекшелігі – шебер адамдардың түр-келбетін емес, өзінің ішкі әлемін көрсетуге тырысқан. Мәселен, мына картинада қолданылған реңктер арқылы суретшінің жақсылыққа ұмтылатыны және жүректерге жылу сыйлағысы келгені сезіледі.

«Зағип жандардың өмірге деген талпынысы өте зор. Көп білгісі келеді, көп оқығысы келеді. Сондай-ақ олар қоғамда өз орнын тапқысы келетін жандар. Міне, осындай шаралар зағиптарға аз да болса себеп болып, қоғамда өз орнын табуға септессе дейміз», – дейді Лариса АРЮТКИНА.

Көрмеде зағип және көзі нашар көретін балалар да картиналарын ұсыныпты. Қолына қылқаламды алғаш рет алып отырғандар да бар. Жалпы, көпшілік назарына 140 жұмыс қойылған. Шараға келгендер үшін туындылармен танысып қана қоймай, ұнаған картинаны сатып алуына мүмкіндік жасалды. Атап өтерлігі, жиналған қаражат мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жаттығу құрылғысын алуға жұмсалады.

«Арнайы жаттықтыру құралының берер пайдасы көп. Тренермен кешенді жаттығу өткізу арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Ең мықтылар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, көк туымызды желбіретеді», – деді «Алматы қаласы Паралимпиада ойын түрлері спорт федерациясы» ҚҚ президенті Назира ҚҰРМАШЕВА.

Көрме тек бір күнге ғана созылды. «Open your eyes» жобасының ұйымдастырушылары мен еріктілері мұнымен шектелмей, тағы бірнеше қайырымдылық шарасын өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандардың мақсаты мен армандарының орындалуына мүмкіндік жасауды жалғастырмақ.


Перизат Көмекбайқызы, Алтыншаш Смағұлова, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир