|
23.01.2020 | 14:33
7576

Қазақ мемлекеттік циркі Монако мен Испанияға жол тартпақ

Ал жазда цирктің 50 жылдық мерейтойы аясында Алматыда ауқымды шара өтеді

Қазақ мемлекеттік циркі Монако мен Испанияға жол тартпақ Almaty.tv

Бұл туралы шығармашылық аренаның директоры Бақыт Бөкебаев мәлімдеді. Ал жазда цирктің 50 жылдық мерейтойы аясында Алматыда ауқымды шара өтеді. Қазіргі таңда тәжірибелі әртістер жас мамандарды үлкен сахнаға дайындау үстінде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қазақ мемлекеттік циркі ашылғаннан күннен бастап жұмыс істеп келе жатқан әртістердің бірі – Өмірбек Исабеков. Қазір ол зейнетке шығып, цирк колледжінде студенттерге сабақ береді. Ардагер әртіс 1970 жылдан бастап, 1990 жылға дейін акробат боп қызмет еткен. 20 жыл бойы жұмыс істеген орны өзіне ыстық. Себебі, осында өмірлік жарын кездестіріп, шаңырақ көтеріпті. Ең бірінші рет сахнаға шыққан сәті жадынан кетпейді.

«Саратов қаласында өтті. Қай жаққа, неге шыққанымызды білмедік. 2000-дай адам отыр. Жарық жағылады. Қатты жарықтан тіпті көзің көрмей қалады. Кейін үйрендік. Әртістер біз көп сөйлемейміз. Барлық өнерімізді манежде көрсетеміз. Соған трюктерімізді киімдеріміз бен музыкамызды дайындадық. Біздікі жаңағы «Қыз қуу», «Теңге ілу» дейді. Бұрыннан Қажымұқан атамыз, Балуан Шолақ атамыздан келе жатқан өнерді ары қарай дамытамыз деп ойлаймын», – деді Қазақ Мемлекеттік циркінің ардагері, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Өмірбек ИСАБЕКОВ.

Биыл мемлекеттік циркке жарты ғасыр толады. Мекеме 1970 жылдың 24 маусымында дүниеге келген. Ал 2 жылдан кейін салтанатты түрде ашылды. Сол кезде ұжым «Медеу», «Жер жәннаты» атты қойылымдарымен есте қалды. Отандық цирк өнерінің өркендеуіне айтулы үлес қосқан мекен содан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін халықаралық жарыстарда жүлделі орын алған әртістерді дайындап шығарды. Бүгін цирк ұжымы әлемдік турнеге қызу дайындалып жатыр.

«50 жылдыққа арнайы үлкен дайындықтар жасалып жатыр. Алда үлкен жоспарларымыз бар. Бұл біздің жоспарларымыз бен дайындығымызды Алматы қаласы әкімшілігі мен Алматы қаласы мәдениет басқармасы үлкен қолдау көрсетіп, осы келешектеге мерейтойлық үлкен жоспарлап жатқан фестивалімізді өткізу көзделуде. Қаңтардың басында Монте Карлаға фестивальға қатысуға кетіп бара жатырмыз. Монте Карлаға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары ғана таңдалып алынады. Соған бізді арнайы шақырды. Одан келген соң Испаниядағы Живано қаласында өтетін арнайы фестиваль бар», - деді Қазақ Мемлекеттік циркінің директоры Бақыт БӨКЕБАЕВ.

Қазақ мемлекеттік циркі Алматыда жазда мерейтойдың құрметіне фестиваль өткізеді. Шығармашылық ұжым көрермендерге ерекше бағдарлама дайындап жатыр.

Жадыра Омаржан, Анастасия Яцун, Арсен Сандыбаев, ТК «Алматы».

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир