|
20.01.2020 | 17:32
11588

Алматыда жазушы Сәбит Досановтың мерейтойы өтті

Мерейтой иесін құттықтауға жазушылар, әдеби сыншылар, аудармашылар және жақын және алыс шетелдерден баспагерлер жиналды

Алматыда жазушы Сәбит Досановтың мерейтойы өтті

Көптеген мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері,  көрнекті жазушы, профессор Сәбит Досанов сексеннің сеңгіріне шықты. Бүгін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жазушының мерейтойлық кеші өтті. Той иесін құттықтауға жазушылар, әдеби сыншылар, аудармашылар және Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Армения, Түркия мен Франция сынды жақын және алыс шетелдерден баспагерлер жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Өнер шаңырағына қарымды қаламгерді мерейлі жасымен құттықтап келгендер көп болды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досановқа жолданған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөздерін, ізгі тілектерін оқып, қала әкімшілігінің атынан қаламгерге өз сый-сыяпатын жасады.

«Көрнекті қаламгер ретінде Сіз өз оқырмандарыңыздың ілтипаты мен құрметіне бөленіп келесіз. Кең тынысты кесек туындыларыңызбен ұлттық әдебиеттің, соның ішінде көркем прозаның өркендеп, өрісінің кеңеюіне үлкен үлесіңізді қосудасыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.


«Ақ аруана» туындысын Сәбит Досанов 25 жасында жазған. Араға екі жыл салып, еңбек жарық көрді. Шетелдіктердің таңданысын туғызған осы шығарма бүгінде әлемнің 40-тан астам тіліне аударылды»

«Сәбит Досановтың 75 жылдық мерейтойы болған кезде, соған арнап «Ақ аруана» кітабын аударып едім. Енді міне, 80 жасына «Қасқыр ұлыған түн» еңбегін аударып әкелдім. Бұл туынды Түркияда жарық көрді. Біздің елде Сәбит Досановты сүйіп оқиды, үлкен танымалдылыққа ие қаламгер», - деді жазушы Имдат АВШАР.

«Бүгінгі Абай атындағы опера және балет театрында өтіп жатқан Сәбит Досановтың мерейтойына қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Сәбит Досановпен ең алғаш 2006 жылы Францияда «Ақ аруана» кітабының тұсаукесерінде танысқан едім. Содан ол кісі жайлы үлкен мақала жазғаным бар», - деді Францияның еңбек сіңірген профессоры Альберт ФИШЛЕР.

Сәбит Досанов – өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол әдебиеттің барлық жанрына қалам тартты. Осы уақытқа дейін жазған шығармалары 30 томға жетіпті. Басқа тілдерге аударылған еңбектері тіпті сол елдерде де үлкен танымалдылыққа ие болып жатыр. Мұны мерейтойға қатысқандар растады.

«Дарынды жазушының шығармашылығында шек жоқ. Өз кезегінде қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов Сәбит ағаны "Қазақ әдебиетіндегі жаңа жарық жұлдыз" деп атаған еді. Бүгін оның өзі шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған нағыз классикке айналып отыр», — деді құттықтау сөзінде Алматы әкімі Б. Сағынтаев. Шаhар басшысы мерейтой иесіне мықты денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.

«Сәбит Досановтың шығармалары арқылы мен қазақтың кім екенін түсіндім. Оның еңбектерінен қазақ даласының иісі, қазақтың рухы аңқып тұр. Оның шығармашылығында қазіргі заман мен сол кез әдемі үйлесім тапқан. Мен оның өлеңдерін де аударғанмын. Мың дана тиражбен шыққан кітабым осымен таусылды. Соңғысы ғана қалды», - деді Әзірбайжанның көрнекті ақыны Эльхан зал ҚАРАХАНЛЫ.

Елімізден де шетелден де жоғары бағасын алған «Жиырмасыншы ғасыр» романында бүкіл бір ғасырдың тарихы көркем шығарма тілімен өрнектеліп шыққан. Жазушының бұл романында бірнеше буын ұрпақтың тағдыры арқылы соңғы жүз жылдың көркем шежіресі жасалды. Сексеннің сеңгіріне шықса да, Сәбит Досанов  зор қуатынан айырылған жоқ. Қаламгердің әлі де болса айтары, жазары бар.    

«Жиырмасыншы ғасыр» деген эпопея жаздым. Сол үшін Мемлекеттік сыйлық алдым. Онда 120 жылдың тарихын жазып бердім. Ендігі менің арманым - ХХІ ғасырдың эпопеясын жазу. Оны әлі бастаған жоқпын. Құдай қаласа, осы той өткен соң, сол эпопеяға кірісемін. Соны 7-8 жылда жазып шығамын деген ойым бар. Өйткені материалдарының бәрі дайын», - деді жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит ДОСАНОВ.

«Өзінің бір эмоцияға толы, тура жанармай сынды атылатын кездері болады, сондайда бәрін жазып-жазып тастайды. Қазір дәл осындай сәтте тұр. Мынадай құрметтен кейін жазбауға болмайды ғой. Жазуы көбейсін», - дейді ҚР Халық әртісі Есмұхан ОБАЕВ.

Жазу – жазушының мұраты. Осы бір жоғары мақсатқа жеткен қаламгердің рухани мұрасы сүйікті халқымен бірге жасай бермек.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир