|
18.06.2019 | 18:08
13065

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің директоры ауысты

Бүгінде музей қорында 1200-ден астам экспонат сақталған

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің директоры ауысты Тимур Батыршин

Бұл орынға осыған дейін мұражайда ғылым бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген Рүстем Қайратұлы келді. Музей ұжымына жаңа басшыны Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Рүстем Қайратұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша бакалавриатын және магистратурасын үздік бітірген. Құнды жәдігерлер сақталған орында 2017 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Ал аталған музейді 2015 жылдан бері басқарып келген Ұлжан Байбосынова алдағы уақытта шығармашылық жұмыспен айналысуға ниет білдіріпті.

«Музейдің алға қойған жоспарларының бірі  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, қазақ әдебиетін түбегейлі зерттеп, әлем кеңістігіне дәріптеуге үлес қосу. Осы тұста біз музейде сақталған жәдігерлерді насихаттауға арналған 4 жылдық жоспар түздік. Ол – қазақтың көне аспаптарын кешенді зерттеу деп аталады», – дейді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің директоры Рүстем ҚАЙРАТҰЛЫ.

Бүгінде музей қорында 1200-ден астам экспонат сақталған. Әлемнің 40-тан астам елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын жәдігері, оның ішінде Құрманғазы, Дина, Абай, Шәкәрім, Ақан Сері, Біржан Сал, Жамбыл сынды алыптардың қолының табы тиген 70-ке жуық мемориалдық аспаптар бар. 7 экспозициялық зал жұмыс жасайды.

«Қазіргі таңда алыс-жақын шетелдердің музейлері және елшіліктерімен байланыс орнатып жатырмыз. Соның арқасында қорымызға Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения елдерінің ұлттық аспаптарын алдырған болатынбыз. Бұл жерде басты мақсат  музейге келушілердің санын арттыру, туризм шеңберін кеңейту болып табылады. Неғұрлым көп мемлекеттің музыкалық аспаптары сақталса, соғұрлым сол мемлекеттің туристері келуіне жол ашылады»,– дейді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің директоры Рүстем ҚАЙРАТҰЛЫ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир