|
19.03.2019 | 18:15
9195

«Номад жүрегі»: отандық суретшінің туындылары Парижде қойылатын болды

Көшпенді философияның тереңдігі Санжар Жұбановты қызықтырып, әлемге жаңа көзқараспен қарауды үйреткен

«Номад жүрегі»: отандық суретшінің туындылары Парижде қойылатын болды

Отандық суретшінің жұмыстары Парижде көрсетілмек. Санжар Жұбановтың еңбектері Франция дипломаттарын тамсандырғаны соншалық, қылқалам шебері енді Арт Пэрис көрмесіне жолдама алды. Оның картиналары көшпенділер мәдениетін, қазақ елінің бай салт-дәстүрін еуропалықтарға кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да қазақ мәдениетін әлемге таныту қажеттігі туралы айтылған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Көшпенді философияның тереңдігі Санжар Жұбановты қызықтырып, әлемге жаңа көзқараспен қарауды үйреткен. Әрбір заттың мәні, ал табиғи құбылыстың өз күші бар. Еуропа жұртына сол құбылыстың терең тұңғиығына бойлауына қылқалам шеберінің теңдессіз еңбектері септеседі.

«Санжардың жұмыстарында поэзия өте көп. Әсіресе, тасқа сурет салу ерекше әсер қалдырды. Бұл өте көне өнер, петроглифтің пайда болғанына шамамен, 5 мың жыл болды. Адамзат тарихында ол Францияда пайда болған дейді. Аталған өнер барлық Каспий маңы аймағында және Қазақстан аумағында бар. Бірақ мұнда ол өзгеше», – деді Францияның Алматыдағы бас консулы Алексис ШАХТАХТИНСКИЙ.


«Қазіргі әлемдегі қазақ мәдениеті» жобасы – Мемлекет басшысының бастамасымен басталған «Рухани жаңғыру бағдарламасының бөлігі. Қазақ авторының танымал ARTPARIS көрмесіне қатысуы әлем халқының номадқа, ежелгі және қазіргі Қазақстанға қызығушылығы орасан екенін тағы да дәлелдеп отыр. Атап өтерлігі, Алматыда алғашқы мемлекеттік Almaty Gallery арт-кеңістігінде дәл осы «Номад жүрегі» көрмесі ұсынылған еді.

«Біз Қазақстан туралы, оның халқы жайында көбірек білгіміз келеді. Сондай-ақ қандай суретшілер, шығармашыл жандар бар екенін және олар қай қырынан жақын екенін көрсек деймін. Алматыда көрген көрме ерекше әсер қалдырды. Мен Франция өнер сүйер қауымының қызығушылығы зор болатынына күмәнім жоқ. Бұл мәдени және рухани алыс-берісті жандандыруға ықпал етіп қана қоймай, Франция жұртына өзіне көп жаңа нәрсе ашуына ықпалдасады», – деді Алексис ШАХТАХТИНСКИЙ.

ARTPARIS көрмесі Париждің үлкен сарайында 4 және 7 сәуірде өтеді. Мұнда көпшілік назарына жетекші еуропалық 140 галереясының топтамалары көрсетіледі. Мыңдаған қатысушы және он мың көрермен келеді деп күтілуде.

«Мен 7 графикалық картина, 3 тасты жібердім. Таста сақ, түрік дәуіріндегі біздің көне петроглиф бейнеленген. Менің ойымша, ARTPARIS көрмесін ұйымдастырушылар менің еңбектерімді көргенде, біздің елімізді осы жұмыстар арқылы таныстыруды көздеді. Француз және Еуропа жұртына да қызық болады», – деді «Номад жүрегі» экспозициясының авторы Санжар ЖҰБАНОВ.

Алексис Шахтахтинский «Номад жүрегі» көрмесіне келген уақытқа дейін Санжар және оның қызы Жанельдің шығармашылығынан бейхабар болған. Оның жұмыстарымен танысу барысында еңбектер терең мағына, философия және рухани байлығымен баурап алыпты. Ол бай түрік мәдениеті, соның ішінде талғампаз еуропалық бұқараның қызығушылығын тудыратынына кәміл сенеді.

Перизат Көмекбайқызы, Салтанат Шорай, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир