|
04.10.2019 | 12:16
4480

Алматыда Кәріпбек Күйіков картиналарының көрмесі ашылды

Көрме қазанның 20-на дейін жалғасады

Ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалыс белсендісінің көркем сурет туындыларын Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде көруге болады. Аталған шараға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, мүмкіндігі шектеулі өнер иесінің суреттеріне жоғары берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бүгін менің арманым орындалды десем болады. Өйткені Қастеев музейіне суретің ілініу, кез келген қыл қалам шеберінің арманы. Мұндағы туындылар – менің жүрегімнен шыққан суреттер. Ішкі дүниемді осы портреттер арқылы түсінуге болады. Көрменің ашылуына келген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мырзаға үлкен алғыс айтамын. Шығармашылығымның еленіп жатқаны маған күш-қуат береді», – деді суретші, антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек КҮЙІКОВ.

Кәріпбек Күйіков туғанынан қолы жоқ. 1968 жылы Семей ядролық полигонынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан Егіндібұлақ селосында дүниеге келген ол, өмірге деген құлшынысын бір сәтке де жоғалтпаған. Әрдайым ізденісте жүретінмін дейді. Автордың негізгі мамандығы есепші. Алайда, жаны шығармашылыққа жақын болғандықтан, құнды дүниелерді салып бастаған. Көрменің ашылуына келген қала басшысы Бақытжан Сағынтаев Кәріпбек Күйіковтың өмірге деген құштарлығына тәнті болғанын жасырмады. Осындай тұлғалардың туындыларын көптеп дәріптеу керектігін айтты.

«Кәріпбек Күйіковтың мен жігерлігіне таң қалдым. Осындай тұлғалар көп болуы керек. Мына жерде ілінген туындылардан  осы кісінің жан дүниесін тануға болады. Суретті тіспен салу - кез келген адамның қолынан келе бермейді. Кәріпбек Күйіков мақсатыңа жету үшін қиындыққа мойымау керек дегенді түсіндіреді. Сондықтан, өсіп келе жатқан жас буын осындай тұлғалардан үлгі алуы қажет. Сондықтан қаланың оқушыларымен көбірек кездесулер ұйымдастырған жөн», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

«Маған «Қар» деген картина ұнады. Онда айсберг жақсы салынған. Басқа да портреттер ұнады. Енді ата-анамды осындай көрмелерге әкеліп тұруларын сұраймын», – деді көрмеге келгендердің бірі.

«Өмірлік қиындықтарға қарамастан, осындай дүниелерді жасау – меніңше, ерлік. Бүгінгі көрме басқаларға қарағанда ерекше болды. Жанұямызбен әр картинаға таңданып қарап жүрдік. Ең бастысы суреттерден жалықпайсың», – деді келесі бірі.

Бүгінгі көрмені Қастеев атындағы өнер мұражайында өткізудің өзіндік маңыздылығы бар. Ұйымдастырушылардың сөзінше, Кәріпбек Күйіков ешқашан аталған мұражайда болмапты. 

«Біз жай ғана Кәріпбектің арманын орындауға көмектестік. Мына суреттерді басқа орындарға апарып, көрме өткізуге болар еді. Бірақ ол жерлерде мұндай шығармалар тұрмауы тиіс. Сондықтан Қастеев музейінде өткізуге бел будық. Келген барлық қонақтарға алғыс айтамыз», – деді ұйымдастырушы Дана ОРМАНБАЕВА.

Кәріпбек Күйіков – «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалыстың негізін қалаушылардың бірі. Сонымен қатар, АТОМ жобасының Құрметті Елшісі ретінде конференциялар мен түрлі шараларда БҰҰ және Құрама Штаттар Конгресі өкілдері алдында ядролық қаруға қарсы сөз сөйлейтін спикер. 

Айта кетейік, көрме қазанның 20-на дейін жалғасады.

Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир