|
26.03.2020 | 21:57
4472

Театрлар карантин кезінде қалай жұмыс істеуде

«Астана Опера» театры қойылымдарын әлеуметтік желілерге жүктесе, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры қойылымдарын онлайн режимде көрсетіп жатыр

Театрлар карантин кезінде қалай жұмыс істеуде keste.kz

Театрлар карантин кезінде қойылымдарын онлайн режимде көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Спектакльдерді сахнадан тамашалап үйренген көрерменнің қолы мәдени ортадан үзілген жоқ. Онлайн жүйеге өткен өнер ұжымдарының жұмысы бүгінде қалай жүзеге асуда?

Короновирус індетіне қатысты жарияланған карантин кезінде елордалық және Алматыдағы бірқатар мәдениет ордалары қызметін онлайн режимде жүргізуге ауысты. Жұқпалы індет таралуының алдын алу мақсатында уақытша жабылған театрлар көрермендерімен байланысын үзген жоқ. «Астана Опера» театры қойылымдарын  әлеуметтік желілерге жүктесе, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры қойылымдарын онлайн режимде көрсетіп жатыр.  

«Біздің мемлекетте төтенше жағдай. Тек біздің мемлекет емес, әлем үлкен сынақ алдында тұр. Сондықтан біз Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігін қолдап, үйде отырып, онлайн режимде жұмыс атқарып жатырмыз. Оның бірі – біздің актерларымыз күніге кешке сағат 20:00-де өздеріңізбен күнделікті тікелей байланыста. Біздің спектакльді көре алмаған жағдайларға байланысты сіздер ютуб арнасынан Ғабит Мүсірепов театры деп терсеңіз, сол жерде біздің спектакльдеріміз бар. Соны сол жақта тамашалай аласыздар», – деді  Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Данияр БАЗАРҚҰЛОВ.

Театр жалпы саны 30 пост жариялаған. Оның ішінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер көжек» музыкалық ертегісі, «Естайдың Қорланы» махаббатнамасы, «Махаббат хаттары» драмасы, «Шыңырау» секілді қойылымдар бар. Бүгінде желілерде көрушілер саны арта түскен дейді. Тіпті үйде бос отырған халық 3 мәрте театрдың әртістерімен тікелей эфирде сұхбаттаса алады.

«Театр қазір карантинде. Біз енді мемлекет басшысы карантин жариялағаннан кейін театрды жаптық. Енді қанша, қай уақытқа дейін екені белгісіз. Театр жұмыс жасамайды. Бірақ ішкі жұмыстар онлайн түрде жұмыс істеп жатырмыз», – деді  Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат САТЫБАЛДЫ.

Сондай-ақ, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының ұжымы да сүйікті көрермендерінен қол жазып қалмаған. Аптасына екі мәрте қойылымдарды әлеуметтік желіге жүктеп, түрлі поэзиялық жарыстар да ұйымдастыруда. Бір жыл ішінде екі жүзге жуық қойылым өтетін әкем театр, қазір де афиша жасау арқылы көрермендерін қойылымдарынан хабардар етуде.

«Елдің игілігі үшін қызмет жасап жатқан барлық маман иелеріне шын жүрегіммен басымды иіп, рақметімді айтқым келеді. Осы сәтте Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры да құр алақан қалып жатқан жоқ. Ютуб арнасында онлай жүйеде аптасына екі рет көрерменге спектаклімізді ұсынып жатырмыз. Көрермен оны көре алады, бағасын бере алады. Және де күнделікті инстаграм желісінде, фэйсбук желісінде театрымыздың белді-беделді актерлеріменен күнделікті тікелей эфирде кездесу жүріп жатыр. Осындай қиын сәтте айналайын, халқым, біз де сіздермен біргеміз», – деді  Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі Асылбек БОРАНБАЙ.

Еске сала кетсек, пандемияға байланысты бүкіл әлемде театрлар мен музейлерге бару тоқтатылып, музыкалық фестивальдер, спорттық шараларға тоқтатылған болатын.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир