|
01.12.2020 | 00:06
1619

Әкемнің алдында әнді қалай орындар едім деп ойладым – Қарақат Башанова

Ән додасында Қарақатқа 4 млн 500 мың адам дауыс берген

Әкемнің алдында әнді қалай орындар едім деп ойладым – Қарақат Башанова inform.kz

«Әнді шырқағанда әкемнің алдында қалай орындар едім деп ойладым».  Балалар арасындағы Junior Eurovision – 2020 халыақаралық байқауында еліміздің намысын қорғап, 2-орын иеленген Қарақат Башанова осылай дейді. 12 қатысушының ішінен оқ бойы оза шапқан жас талант мұндай кең көлемдегі додаға бірінші рет қатысып отырғанын айтты. Арнайы әкесіне арнап жаздырған авторлық әні барша қазақстандық және шетелдік тыңдармандардың жүрегінен орын алды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Анар Қанаттың бейнематериалында.

Әлемдік ән сахнасына қадам басқан Қарақат Башанова «Junior Eurovision – 2020»  байқауының ұлттық іріктеуіне қатысқан 684 жас өнерпаздың ішінен Қазақстан намысын қорғады. Жеңімпазға еліміздің 8 танымал жас композиторы авторлық ән жазған көрінеді. Нәтижесінде Хамит Шаңғалиевтің арнайы жазған «Forever» («Мәңгілік») әні таңдалып, аталмыш байқауға жолдама алады. Айта кетсек, 39 жастағы композитордың әні осымен екінші жыл аталмыш конкурста үздік аталуда.

Бұл музыкалық композицияны Қарақат 5 жыл бұрын өмірден өткен әкесінің рухына арнады. Ән европалық стильде жазылған. Байқаудың ережесі бойынша 60 пайыз қазақ тілінде, 40 пайыз ағылшын тілінде орындау тиіс. Жарыс Польшада өткенімен, пандемияға байланысты Қазақстандағы студияда өнер көрсетті. Жеңімпаз қазылар алқасының дауыс беруі мен телекөрермендердің онлайн-дауыс беру нәтижесі бойынша анықталды. Ән додасында Қарақатқа 4 млн 500 мың адам дауыс берген.

«Бұл жеңіс – біздің ортақ жеңісіміз деп ойлаймын... бұл өте эмоцияға беріліп айтатын ән. Сондықтан бастапқыда ұлттық іріктеуде жылап жіберемін бе деп  қорықтым. Бірақ одан кейін өзіме күш жинап, осы әнді орындап шықтым», – деді «Junior Еurovision – 2020» байқауының күміс жүлдегері Қарақат Башанова.

Барша қазақстандықтармен бірге Қарақатқа анасы мен әпкелері ерекше қолдау  білдірді. Жастайынан музыкаға құмартып өскен баласының болашағынан үміті зор. Бүгінде Қарақат Башанова Күләш Бәйсейітова атындағы республикалық музыка мектебінде оқиды.

«Музыка жағынан өзімді дамытамын және де сабағым бар. Сабақ оқу керек. Менің атам баянда ойнаған, сондықтан осы музыкаға деген дарыным атамнан дарыды деп ойлайды», – деді «Junior Еurovision – 2020» байқауының күміс жүлдегері Қарақат Башанова.

Конкурс ережесіне сай  келесі байқау жеңімпаз болған елде өтуі тиіс. Демек, 2021 жылғы «Junior Eurovision» байқауын Франция ұйымдастырады. Ал, биылғы байқауға Нидерланд, Беларусь, Грузия, Украина, Мальта, Польша, Ресей, Сербия, Германия қатысты. Айта кетейік, Қазақстан «Junior Eurovision» байқауына алғаш рет 2018 жылы қатысып, дебют жасаған болатын. Сол кезде еліміздің атынан Данэлия Тулешова қатысып, "Өзіңе сeн" әнін орындады. Ол 6-орынды иеленген еді. Ал, 2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен 2-орынды жеңіп алды.

Анар Қанат, Нұрлан Өтеген, Әл-Төре Хамиев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир