|
22.10.2020 | 21:50
785

Қазақстан эфирінде қазақтың ән мен күйі саңқылдап тұруы керек – Нұртөре Жүсіп

Бұл шаралар Қазақстан халқын біртұтас – бір мәдениет шеңберінде тәрбиелеуге бағытталған

Қазақстан эфирінде қазақтың ән мен күйі саңқылдап тұруы керек – Нұртөре Жүсіп Ult.kz

Қазақстан эфирінде қазақтың ән мен күйі саңқылдап тұруы керек. Сенаттың жалпы отырысында сенатор Нұртөре Жүсіп осылай айтты, деп хабарлайды Almart.tv.

Ол Әл-Фарабидің, Абайдың және басқа тарихи тұлғалардың мерейтойларын тек той тойлау үшін өткізбейтінімізді айтты. Бұл шаралар Қазақстан халқын біртұтас – бір мәдениет шеңберінде тәрбиелеуге бағытталған. Қазақ тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс салтын, дәстүрін білу, құрметтеу, мойындау –мәдени кеңістіктің алғышарты, деді сенатор.

«Өнерде тазалық керек! Өмірде де солай. Фонограммамен ән айту шектеледі. Бұл таза таланттарға жол ашады. Заң жобасында тиісті нормалар қарастырылған. Мұны қолдаймын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалды. «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жинақталды. Сонымен іс бітті ме? Қазақтың 1000 әні мен 1000 күйі эфирден неге естілмейді? Эфир – Қазақстан эфирі. Ондағы жиілікті мемлекет береді.  Ендеше неге біз Мемлекеттің Мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мәселесін талап ете алмаймыз? Радио таратушыларға неге міндеттей алмаймыз? Қазақстан эфирінде қазақтың ән мен күйі саңқылдап естіліп тұруы керек», – деді ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

Ал, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстанда музейлер мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік берілетінін мәлім етті. Алайда, оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанның көптеген музейлері мемлекеттік кәсіпорындарға айналған. Осы орайда, қолданыстағы заңда музейлер мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіпорындардың ақылы қызметтер көрсету аясын шектеп отыр.

«Осыған орай заң жобасында осы норманың қолданылуын мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана қолдану ұсынылып отыр. Кәсіпорындар «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының талаптарының аясында іске асыратын болады. Сонымен қатар, осы заң жобасы аясындағы ең маңызды нормалардың бірі, ол мемлекет жүз пайыз қатысатын ұйымдарды жекешелендіруге тыйым салатын түзету болып табылады», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир