|
21.06.2020 | 13:53
2210

COVID-19-ға қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігер А. Малбасканов әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтап, әсерлі пост жазды

Бүгін кәсіби мейрам... Бірақ шаттанып қуанатындай уақыт емес

COVID-19-ға қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігер А. Малбасканов әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтап, әсерлі пост жазды Фото: Тұңғыш Кесебаев

Белгілі дәрігер, торакалды хирург, фтизиопульмонолог, Алматы қаласының «Фтизиопульмонология орталығының» инфекциялық бөлімінің меңгерушісі Абзал Малбасканов өзінің Facebook-тегі парақшасында әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгін кәсіби мейрам... Бірақ шаттанып қуанатындай уақыт емес. Осы бірнеше айдың ішінде небір жағдаймен бетпе-бет келіп, түрлі сезімді өткердік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, дамылсыз күндер және ұйқысыз түндер өтуде. Алға жетелейтін тек қана жарық үміт. Сырт көзге көрінбейтін жұмыс болған соң, кейитіндер, сөгетіндер де аз емес. Күресімізде көзге көрінбейтін жау болған соң болар, бәлкім», – деп жазады дәрігер.

Бұл індетке қарсы жүріп жатқан шайқаста бір-бірімізді демеп, бет қайтпай айқасу ар мен намыс екенін, қандай қиын кезеңнен өтіп жатса да, әріптестерінің шайқас алаңынан қашып, жол ортасында тастап кетпегенін, буланған көзілдірік ішінен аққан жасы мен терісіне қарамастан, шайқас алаңында күресін жалғастыруда, деп жазады ол.  

«Бұл індетке қарсы жүріп жатқан шайқаста бір-бірімізді демеп, бет қайтпай айқасу – ар мен намыс. Сол себепті шаршаса да, талса да, осы сезімдер қайсарлықты шыңдайды екен, бірге жұмыс атқарып жүрген әріптестерім – дәрігер, мейірбике, кіші мед.персоналдар  алаңнан қашып, жол ортасында тастап кеткен жоқ! Тастап кетпейтініне де сенімдімін! Жұмыс барысында тіпті жанұясына бара алмаса да, қиналып жүрген кезінде, ата-анасынан немесе жақынынан айрылып, «Жығылғанға – жұдырық» тигендей жағдайлар болды. Бірақ осы саланы таңдаған батыл азаматтар, буланған көзілдірік ішінен аққан жасы мен терісіне қарамастан, шайқас алаңында күресін жалғастыруда. Бұл да бір – батырлықтың белгісі!

Құрметті барлық медициналық қызметкерлері! Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Жарық күндер әлі алдымызда, денсаулықтарыңыз сыр бермесін!» – дейді Абзал Малбасканов.

Еске сала кетейік, Almaty.tv арнасы «Алматылық дәрігерлер коронавируспен бетпе-бет» атты дайындаған деректі фильмінде Абзал Малбасканов басты кейіпкер болатын.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир