|
19.06.2021 | 21:42
1282

Алматыдағы №4 қалалық көпсалалы ауруханасында нейрохирургия және нейроинтервенция бөлімі ашылды

Осы күнге дейін 51 коронаграфиялық зерттеу жүргізілген

 Алматыдағы №4 қалалық көпсалалы ауруханасында нейрохирургия және нейроинтервенция бөлімі ашылды almaty.tv

Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында  №4 қалалық көпсалалы ауруханасында нейрохирургия және нейроинтервенция бөлімі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұрын-соңды мұнда болмаған су жаңа бөлімде қазір аса ауыр бірегей оталар жасалады.

«Биыл іске қосылған ангиографиялық аппаратта нейрохирургиялық жоғары санатты оталар жасалып жатыр. Мидың қан тамырларының аневризмасының имболизациялары, тарылуларды кеңейту, стент қою операциялары жедел және жоспарлы түрде жасалып жатыр. Сонымен қатар, жұлын, омыртқа ауруларына, бас ми жарақаттарын алған науқастарға ота жасалады»,  – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігері Нұржан Әжібеков.

6 баланың анасы Рауан Есмағамбетова аурухананың жаңадан ашылған бөліміне жақында ғана ишемиялық инсультпен түскен. Сол жақ қол-аяғы істемей, тілі күрмеліп, ауыр халде жан сақтау бөлімінде емделіпті. Мұндағы білікті мамандар қарап, артынан эндовазальді отаға алғаннан кейін, қол-аяғынының жұмысы толық қалпына келіп, тілі де анық шыға бастаған. Нейрохирург дәрігерлердің айтуынша, қан артериясы арқылы кіріп, микрокатетормен аорта арқылы жүріп, бастың артерияларының жұмысы ретке келтірілген.

«Мұнда инсульттан кейін түстім. Ота жасады. Қазір жақсымын, аман-есен. Ақ халатты ағаларға, әпкелерге рахмет. Алғысымыз шексіз, Қазір міне, қол-аяғымыз істеп тұр. Аллаға шүкір. Ертең шығып та қалармыз»,  – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Рауан Есмағамбетова.

Соңғы үлгідегі ангиографиялық аппаратта сондай-ақ, кардиологиялық оталар да жасалады. Осы күнге дейін 51  коронаграфиялық зерттеу жүргізілсе, соның 32-не коронарлық артерияларды стенттеу жасалған.

Рентгенэндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімінің ота жасау бөлмесінде осы күнге дейін заманауи технологияның көмегімен жүрек қан тамырларына 50-ге жуық ота жасалса, нейрохирургиялық 53 операция орындалыпты.

Жетпістің желкенін керген Қалинұр Ақынұлының қан қысымы ауруына шалдыққанына 3-4 жыл болыпты. 10 метр жерге жүре алмайтынмын деген зейнеткер 3 күн бұрын ауруханаға түскен. Шамамен 2 сағатқа созылған отадан кейін өзін жақсы сезінетінін жеткізді.

«Мұнда білікті, адамгершілігі мол дәрігерлер көп екен. Сол мамандықтары бойынша мені аман-есен алып қалды. Қазір дүниеге жаңа келгендей болып отырмын»,  –  деді зейнеткер Қалинұр Көдеков.

Бір ыңғайлысы, рентгенэндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімінде бәрі бір жерде шоғырланған. Демек, ота да осында жасалады, интенсивті терапия бөлмесі де бар. Алысқа бармай-ақ, науқастардың толық ем алып шығуына бар жағдай жасалған.

Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» теларнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир