|
29.10.2020 | 20:38
5642

29 қазан – Дүниежүзілік инсультпен күрес күні: алматылық невропатолог аурудың алдын алу шараларын бөлісті

Ауруды болдырмау үшін не істеу қажет?

29 қазан – Дүниежүзілік инсультпен күрес күні: алматылық невропатолог аурудың алдын алу шараларын бөлісті көрнекі сурет

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында  қалалық орталық клиникалық аурухананың инсульт бөлімінің меңгерушісі Азиз Исмаилов инсульттің алдын алу шаралары туралы айтып, ұсыныстарын бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Халықаралық инсультпен күрес күнінде барлығымыз осы аурумен  күресудің  сәтті болуы  әрқайсымызға байланысты екенін түсінуіміз керек. Қазіргі адам өзінің артериялық қан қысымының деңгейін, холестерин мен қандағы қант көрсеткіштерін білуі, белсенді өмір салтын ұстануы, инсульт симптомдары пайда болған жағдайда қысқа мерзімде медициналық көмекке жүгінуі, ал инсульттан кейін – еңсесін түсірмей  емдеуші дәрігердің басшылығымен қызметін жоғалтқан функцияларды қалпына келтіріп, қатарға оралу үшін барлық мүмкіндікті жасауы тиіс», – деп атап өтті дәрігер невропатолог.

Инсультпен сырқаттануды және одан болатын өлімді төмендету үшін:

1) Алғашқы профилактика жүйесін дамыту.

2) мидың қан айналымы бұзылған науқастарға медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру.

3) қайталған инсульттің екінші  профилактикасының жеке кешенді бағдарламасын енгізу.

Ауруды болдырмау үшін қант диабетін, артериялық гипертонияны, жүрек ауруларын,  ұйқы артерияларының сипмтомы білінбейтін стеноздарын емдеу, сондай-ақ физикалық белсенділікті арттырып, артық салмақты азайту қажет.

«Инсульттің алдын-алу оның дамуының қауіп факторларын түзетуге негізделген. Бұл бағытта темекі шегуді шектеуге, алкогольді шектен тыс пайдалануға, салауатты өмір салтын насихаттауға, халықты диспансеризациялауға бағытталған мемлекеттік іс-шаралардың маңызы зор.

Қазіргі уақытта негізгі қауіп факторларын түзету, мысалы, темекі шегуден бас тарту, АҚ-ны қалыпқа келтіру инсульт пен басқа да жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупінің айтарлықтай төмендеуіне алып келеді. Халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырады деген даусыз дәлелдер алынды», – деп атап өтті А.Исмаилов.

Оның айтуынша, статистикалық есептеулер қалыпты салмақты сақтау, теңдестірілген тамақтану, тұрақты жаттығулар, темекі шегуден және алкогольді шектен тыс пайдаланудан бас тарту инсульттің шамамен 80%-ының алдын алуға мүмкіндік береді.

«Бет асимметриясы, қозғалыс белсенділігінің төмендеуі, қол мен аяқтың әлсіздігі, сөйлеудің бұзылуы – инсульттің дамуының алғашқы белгілері. Бұл жағдайда міндетті түрде жедел жәрдем шақыру керек. Науқасты орнынан жылжытудың, орын ауыстырудың  қажеті жоқ. Бірақ басын және денесін көтеріп, бірнеше жастық қою керек. Таза ауа ағынын қамтамасыз ету керек. Құсса,  ауыз қуысын тазарту және жедел жәрдем бригадасын күту керек», – деп түсіндірді невропатолог.

Сондай-ақ, дәрігер коронавирус инфекциясы кезінде инсульттің алдын алу мәселесіне тоқталды.

«Коронавирус тіндердің фиброзына, тромбозға, инсульт-тромбозға, тамырлардың бітелуіне әкелетін ишемиялық ауруға әкеледі. Коронавирус кезінде дәрігердің міндетті бақылауымен антикоагулянттарды қабылдау қажет. Өзін-өзі емдемеуге шақырамын. Бізде емханалық қызмет дамыған, кеңес алу үшін телемедицина орталығына жүгіну қажет», – деп атап өткен  А.Исмаилов тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Алматы қаласындағы ОҚКА-ғы инсульт орталығы неврологиялық бөлімнің құрамында ұйымдастырылды. Орталықта тәулік бойы мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.  Қабылдау бөлмесі, 6 төсектік қарқынды терапия палатасы және 14 оңалту төсек-орны бар.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир