Жамбылдық жас жігіт Алматы барахолкасында жоғалып кетті

Алматыда жас жігіт із-түссіз жоғалып кетті.

Жамбыл облысынан келген Мәди Қарамолдаев 20 қараша күні бауырларымен бірге «Барахолка» базарына тауар алуға барған. Кейін ешкімге ескертпестен сауда орталығынан шығып, белгісіз бағытта кетіп қалған. Баласынан айналдырған 30 минут ішінде көз жазып қалған отбасы енді халықтан көмек сұрайды. Сергелдеңге түскен туысқандары Мәдидің қайда жүргенін айтқандарға сүйіншіміз дайын деп отыр.

«Мына жігітті көрмедің ба? Қарамолдаев Мәди деген жігіт. Осы «Яляннан» 20-сы күні күні шыққан еді, содан бері әлі жоқ», – деп туыстары базардағы арлы-берлі өткен жүргіншілер мен сатушылардың  бәрінен сұрастырып жүр.

Дәурен Кәрібозов 20 шақты күн бұрын жоғалтып алған бауырын шарқ ұрып іздеп жүр. Жамбыл облысының 27 жастағы тұрғыны Мәди Қарамолдаев бауырларымен бірге тауар алу үшін «Барахолка» базарына келіпті. Содан халық арасында адасып, туыстары жігіттен көз жазып қалған. Араға 30 минут салып сауда орталығында орнатылған бейнебақылау камерасынан қарағнда, жас жігіттің шығып бара жатқаны анық көрініпті. Туыстар бірден полицияға арыз жазыпты.

«Иә, иә, бірге келгенбіз. Сол кезде жоғалып кетті. Өзі шығып кетіп қалған. Камерадан көресіздер! Көрген білгендер болса, хабарлассын! Жауабын айтсын! Сүйіншісі бар. Сөйлегенде қорқып, кекештеніп қалатыны бар еді. Неге екенін, қорыққанда тұтығып қалады. Милиция көрсе қорқып, мүлдем сөйлемей қояды. Тіпті, жұмған аузын ашпайды», – деді М.Қарамолдиевтің ағасы Дәурен КӘРІБОЗОВ.

Өзін кінәлі сезініп жүрген ағасы інісінің жоғалғалы бері ауылға қайтпағанын айтады. Күндіз-түні базардың маңын торуылдап, табылып қала ма деп үміт үзбейді. Есте сақтау қабілеті төмен Мәди ең болмаса, отбасылық шағын газелді көрсе, келер деп сенеді.

Туыстары Мәдидің мектеп кезінде басынан ауыр соққы алғандықтан, миы зақымдалғанын айтады. Содан есте сақтау қабілеті төмендеп, өзге адамдармен сөйлесуі қиындап кеткен көрінеді. Бұл іздеу шарасын қиындатып отыр. Себебі, полицейлер жігітті жоғалған күні кешке Қапшағай көпірінің үстінен тауып, Түрксіб аудандық Полиция басқармасына жеткізіпті. Тек жігіттің өзімен бірге жеке басын растайтын құжаты болмаған. Ал өзі тәртіп сақшыларына жақ ашпапты. Заң бойынша, із-түссіздер базасына мәлімет тек бір тәуліктен кейін жүктеледі екен.

«Өзінің толық аты-жөнін де айта алмайды. Енді ауруға шалдыққан адам болған соң шығар. Сондықтан азаматтарды 3 сағаттан артық ұстауға құқығымыз жоқ. 3 сағаттан кейін ол еркіндікке жіберілген. Тек ертесі күні ғана ол азаматтың Қарамолдаев Мәди екені мәлім болды. Одан кейін оның кіммен кетіп қалғанын біз нақтыладық. Сол азаматты сұрастыру кезінде ол жігітке тамақ беріп, шығарып салғанмын деп түсінік беруде», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Мәдиді іздеуге қатысты іс әлі тоқтатылған жоқ. Қазіргі таңда іздестіру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Қаланың Криминалды полиция басқармасына қатысты бөлім қызметкерлері де жұмылдырылған. Енді қайғырған туыстары халықтан көмек сұрап, ел болып жұмыла іздеуді сұрайды.


Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы