|
22.10.2018 | 15:53
3534

Алып теңге, Алдар көсе және сөмке: Алматыда тағы 30-ға жуық арт-нысан пайда болады

Алматыда қазан айының аяғына дейін 30-ға жуық жаңа арт-нысан қойылады. Олардың арасында 3 метрлік темір теңге, танымал суретші Калмыковтың сөмкесі сияқты инсталляциялар бар. Жоба авторлары шағын архитектуралық формалар алматылықтар ғана емес, туристер арасында да қызығушылыққа ие болатынына сенімді. Ал нысандардың өздері интерактивті және бұзақылардың бұзуынан қорғалған.  

«Арман» кинотеатры алдында орналасқан, алмаға лық толған сары түсті «Москвичті» жасап шығарар алдында авторларға «Біздің сүйікті дәрігер» кинотуындысы әсер етіпті. Ермек Серкебаевтың Алматы туралы әні мен әсем таулардың көрінісі осы нысанды жасауға себеп болған. Ал сары түс қаламыздың жылы, әсем екенінің белгісі. Жоба авторлары ескі көлікті табудың қиынға түскенін айтады. Ал қазір бұл жер қонақтардың селфи жасайтын сүйікті орнына айналған. Айта кетейік, бөлшектердің барлығы темірден жасалып, қақаған аязға да шыдас беретіндей етіп құрастырылыпты. 

«Мұндай бірегей арт-нысандар алматылықтар арасында ғана емес, шетелдік туристердің де сүйікті орнына айналды. Өйткені, біз орнатылған нысандардың барлығына күн сайын мониторинг жүргізіп отырамыз. Сол кезде байқадық. Меніңше, қазір мұхиттың ар жағында да жылы да әсем Алматыны еске салып тұратын суреттер бар деген ойдамын», – дейді жас суретшілер орталығының жетекшісі Кристина БЕКМУРЗАЕВА.

Ал биіктігі екі жарым метрді құрайтын алып әріптер бітуге жақын. Оны алдымен бояулы ұнтақпен көмкеріп, артынша жоғары температурадағы пешке салады. «Алматыны сүйемін» деген жазудағы әрбір әріпте қаланың тарихынан хабар беретін петроглифтер мен көпқабатты үйлердің бейнесі бейнеленген. Әрқайсысы 300 келі тартады. Алматылықтардың назарына айдың аяғына дейін ұсыну жоспарда бар.

«Бүгінде орнатылуы тиіс 60 арт-нысанның 32-сі орнатылды. Қалған 28-і осы айдың аяғына дейін қаламыздың белгіленген аумақтарына қойылады. Қазір соңғы жұмыстар жасалып жатыр. Олардың арасында тұрғындар үшін ерекше болып көрінетін бірнешеуін атап өткім келеді. Мысалы, 3 метрлік алып темір теңге. 2016 жылы Алматы қаласы өзінің 1000 жылдығын тойлады. Осы теңге Алматының тарихы әріден екенін білдіреді. Одан кейін «Мен Алматыны сүйемін» атты интерактивті инсталляция алматылықтардың сүйікті орнына айналатынына сенімдімін», – деді Park Fest фестивалінің директоры Ольга СҰЛТАНОВА.

Қазақ ертегілерінде кездесетін салт мінген Алдар көсенің мынадай мүсіні Назарбаев даңғылы мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Оның авторы Руслан Ақанаев. Бір ерекшелігі, Алдар көсенің мүсіні ескі көліктердің бөлшектерінен жасалған. 

Текше, құмыралар, кітап пен түрлі-түсті ұлулар «Парк Фест» халықаралық фестивалінің аясында қала көшелеріне қойылып үлгерді. Қазақстандық суретшілер мен мүсіншілердің жұмысынан бөлек, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген суретшілер Алматының көркіне ажар беруге атсалысыпты. Орнатылғандардың барлығы әсемдікті ғана емес, табиғатқа етене жақын болып, экологияға мән беруге үндейді.  

«Бұл халықаралық Creating Art жобасының бір бөлігі. Оған Қытайдан бастап, Аустралияға дейінгі 400-ден астам нысан кіреді. Бұл Алматы үшін эстетикалық жағынан маңызды оқиға ғана емес, қаланы таныту үшін қажет деп айтар едім. Сондай-ақ, қаламызды туристік тартымды қала ретінде де айқындайды», – дейді Park Fest фестивалінің кеңесшісі Ольга ВЕСЕЛОВА. 

Алма пішініндегі механикалық сағат «Алматы-1» теміржол вокзалы алдында орналасқан. Оның мұнда қойылуының да өзіндік себебі бар екен. Үлкен шаһардың өмірінен хабар береді. Ал жақында атақты суретші Калмыковтың үшбұрышты сөмкесін бейнелейтін арт-нысан пайда болады. Барлық инсталляциялар мен шағын архитектуралық формалар қала тіршілігінен хабар беріп, оның тарихынан сыр шертпек.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

Прямой эфир