Елімізде дәрі-дәрмекті шекті бағадан көтеріп сатуға тыйым салынады

Дәрі-дәрмектерді шекті бағадан асырып сатуға тыйым салынады. Бұл үш айдан кейін күшіне енетін заң жобасына байланысты болып отыр. Ал фармацевтикалық препараттарды белгіленген межеден қымбаттатып сатқан дәріханалар жаппай жазаланады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова мәлімдеді.

Елімізде дәрі-дәрмектердің бағасы қалай реттелмек? Бұл туралы бүгін Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова толығырақ тарқатты.

Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға былтыр желтоқсанда қол қойған болатын. Фармацевтикалық препараттардың бағасын реттеу рәсімі ресми жариялаған күннен бастап 3 айдан кейін күшіне енеді. Аталған мерзімде министрлік дәрілік заттардың сату бағаларын реттеудің ережелерін бекітеді.

«Заң жобасы жарияланғаннан үш ай уақыттан кейін күшіне енген кезден бастап шекті көтерме және шекті бөлшек сатылым бағаларын анықтау шаралары басталады. Көтерме дистрибьюторларға және бөлшек саудада осы анықталған шекті бағалардан асырып сатуға тыйым салынады. Препараттарды шекті бағадан асырып сатқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Олар тіпті, лицензиясынан айырылуы әбден мүмкін», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила БҰЙРАБЕКОВА.

Айта кету керек, дәрі-дәрмектердің бағалары еліміздің барлық өңірлерінде бірдей болуға тиіс. Олардың құны ақпан мен шілде айында жылына екі рет белгіленіп отырады. Препараттардың бағасы сайтта электронды форматта тіркеледі. Фармация комитеті жетекшісінің сөзінше, қазір елімізде 8 мыңнан астам дәрі-дәрмек бар. Алайда, оның 2300-інің ғана бағасы ресми түрде тіркелген. Ал халықты ем-доммен қамтуда ескерілетін критерийлер келесідей.

«Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде үнемі ескерілетін екі критерий бар. Бұл баға мен сапа. Бізде сапаға Дәрі-дәрмектерді сараптаудың ұлттық орталығы жауапты. Тіркеу жүргізіліп жатқан кезде компания дәрінің сапасын растайтын құжаттар пакетін ұсынады. Егер дәрі-дәрмек Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген болса, онда оның қауіпсіздігі мен сапасы дәлелденген. Сәйкесінше, бағаларды реттеу дәрілердің сапасына ешқандай да әсер етпейді. Біз бұйрықпен бекітетін айырма мен үстеме бағаны жұртшылықпен және қауымдастықтармен белсенді түрде талқыладық. Аталған бағаға ешкім қарсы емес секілді. Қандай да бір дәрі-дәрмек нарықтан шығып қалмайды деп ойлаймыз», – деді Людмила БҰЙРАБЕКОВА.

Қазақстандықтар белгіленген шекті бағаларға фармацевтикалық препараттардың дәріханалардағы құнының сәйкестігін жаңа мобильдік қосымша арқылы тексере алады. Оны Дәрі-дәрмекті сараптаудың ұлттық орталығы жасап шығарған екен. Аталған қосымша әзірге тестілік режимде жұмыс істеуде. Азаматтар бұл мобильдік қосымшадан қаптаманың тіркелген макетін, дәрі-дәрмек бағасын, сондай-ақ сол қауіпсіздік пен сапа тексеруінен өткен-өтпегенін көре алады. Сонымен қатар, мобильдік қосымшаны пайдаланушылар қандай да бір дәрі-дәрмек бағасы шарықтап тұрған жағдайда оны суретке түсіріп, дәріханада бағаның көтерілгені туралы шағымын түсіре алады.


Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана