|
19.11.2018 | 16:35
1654

«7-20-25» бағдарламасы бойынша елімізде тағы 30 мың пәтер салынады

«7-20-25» бағдарламасы еліміздің жылжымайтын мүлік нарығына жаңа серпін берді. Алматыда өтіп жатқан қаржыгерлер конгресіне келген сарапшылар пікірі осындай. Бағдарлама арқасында алдағы уақытта республика бойынша 30 мың пәтер салынып, 87 мыңнан аса несие беру жоспарланып отыр.

Осылайша, 2030 жылға қарай Біріккен Ұлттар Ұйымының стандарттарына жету керек. Яғни, баспанамен қамтылу әр адам басына шаққанда 30 шаршы метрді құрауы тиіс. Қазір бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді дейді сарапшылар.  

Конгресс аясында биыл алғаш рет мемлекеттік бағдарламалар жайы сессияда жеке талқыланды. Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы іске қосылған 4 ай ішінде 35 миллиард теңгеге несие рәсімделіпті. Келіп түскен өтінімдердің 57 пайызы мақұлданған. Бағдарлама әсіресе Алматы, Астана, Шымкент және Маңғыстау облысының тұрғындары арасында сұранысқа ие. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ең аз дегенде 1 триллион теңге, ал «Баспана Хит» бойынша 300 миллиард теңге көлемінде несие беру көзделіп отыр.

«Бірінші деңгейлі үйлердің санын көбейту мақсатында тамыз айында Ұлттық банк бағдарламаға өзгеріс енгізіп, «Баспана» ұйымына тұрғын үйлерді салуды қаржыландыра алу үшін 150 миллиард теңге бөлді. Бұл әкімдіктерден мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу арқылы жасалды. Астана, Алматы және Шымкент 20 миллиард теңгені, басқа өңірлерде 6,4 миллард теңгені құрайды. Қаржыландыру болған жағдайда тұрғын үйлер салынады», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дархан БАЙҚУАТОВ.

Жалпы, елімізде 7 мыңнан аса тұрғын үй салатын құрылыс компаниясы жұмыс істейді. Қазір құрылыс салушы компаниялар арасында бәсеке күшейді дейді сарапшылар. Соңғы 9 айда ірілері ұсақтарын нарықтан ысырғаны анық байқалған. Биыл мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 11 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды деп отыр мамандар. Ал Алматыда «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сай келетін 5 мыңнан астам пәтер бар.

«Егер Алматы жайлы айтатын болсақ, Астанаға қарағанда бұл қалада «7-20-25» бағдарламасына сәйкес келетін пәтерлер саны көп. Бас қалада 25 миллион теңгеге дейінгі пәтерлер 4993 болса, 696 пәтер бағдарламаның барлық талабына сай келеді. Ал Алматыда 1300-ден аса пәтер «7-20-25-тің» талаптарына сай. Олар 75 тұрғын үй кешенінде салынған. Бағдарлама аясында 23 жаңа жоба іске қосылды», – деді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының өкілі Әсел ЖҮНІСОВА.

Еске сала кетейік, «7-20-25» бағдарламасы Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру барысында қолға алынды. Мемлекет басшысы оны биыл көктемде жариялаған болатын.


Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир