|
27.12.2018 | 18:00
6377

Алматыда 2019 жылы мембағдарламалар бойынша қанша тұрғын үй салынады?

Биыл Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған 1400-дей отбасы қоныс тойын тойлады. Одан бөлек, алып шаһардың жастарына арналған «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 130 жанұя баспанаға қол жеткізді. Жаңа 2019 жылы «Нұрлы жер» жобасының арқасында қанша үй бой көтереді деп жоспарлануда? Жаңа пәтерлер Алматының қай аудандарында салынбақ?

Үйлі болуға үміттілердің ішінен биыл 1400 отбасы үшін баспана мәселесі өз шешімін тапты. Барлығы да, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйге қол жеткізді.Олар «Саялы» мен «Жас қанат» ықшамаудандарында бой көтерген үйлерге қоныс аударған.

Ал тұрғын үйді қала тұрғынының өзі таңдауына рұқсат ететін «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 130 отбасы байқаудан өтті. Алғашқы балдық кезеңнен өткеннен кейін, төлем қабілеттілігін растау үшін 5 жұмыс күні ішінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» құжаттарын тапсырып үлгеруі тиіс. 10 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй қарызы 5 пайыз жылдық үстемақымен 3 жылдан 23 жылға дейін беріледі. Жастардың  жеңілдетілген пайызбен несиеге баспана алуы үшін Алматы қаласының әкімдігі қазынадан 1 миллиард теңге қарастырған болатын. «Алматы жастарының» шарапатын келесі жылы да шаһардағы жас отбасылар көруі әбден мүмкін.

«Алматыда тұрып жатқан жастардың көбісі осы бағдарламаға қызықты. Көптеген өтініштер келіп түсті. Сол өтініштердің арқасында, 2017 жылы 108 жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2018 жылы 130 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Алматы қаласы әкімшілігінен 10 миллион сома қаражат бөлінеді. Егер 2,3 бөлмеден үлкенірек пәтер артық аламын деген азаматтар болса, олардың өз қаражатынан қосып алуға мүмкіндігі бар», – дейді Жасұлан ДҮЙСЕКЕНОВ.

Осы жылдың еншісінде Алматыда бас-аяғы 58 тұрғын үй бой көтерген. Барлығы эконом класқа жататын, бір шаршы метрі 180 мың теңгеден аспайтын пәтерлер. Тұрғын үйлер 10 балдық зілзалаға төтеп беруге қауқарлы. Ал мердігер компаниялар үйлерді барынша отандық құрылыс материалдарынан салуға тырысатын көрінеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында келесі жылы Алғабас пен Жас қанат ықшамауданында бой көтеретін үйлердің құрылысы қыза түспек. Қазір жобаны жүзеге асыра алатын мердігер компаниялардың арасында өзара бәсеке жүруде.

«Құрылыс басталар алдында конкурс жүріп жатыр. Яғни, құрылыс салатын компаниялар анықталу үстінде. 7 тұрғын үй Жас қанат ықшамауданында, 23 тұрғын үй Алғабас ықшамауданында салынады», – деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасының бас маманы Мырзатай ДАСТАН.

Экономикалық сарапшылардың сөзінше, елімізде биыл тұрғын үй бағасы 10 пайызға төмендепті. Ипотекаға үй алатындардың да қарқыны былтырғы жылмен салыстырғанда, 80 пайызға өскен. Мамандар мұндай көрсеткішке «7-20-25» бағдарламасы тікелей серпін бергенін айтады. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар арқылы мыңдаған алматылық баспанаға қол жеткізгенімен, кезекте тұрғандар тізімі әлі де 20 мыңнан асып жығылады.

Әйкерім Ердәулетқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp

В СТАТЬЕ

пәтер жастар
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир