|
30.10.2018 | 17:41
2382

Жиһаз жасаушы алаяқтарға алданған астаналықтар саны артқан

Астанада жиһаз жасаушы алаяқтар саны азаймай тұр. Пысықайлар тапсырыс берушіге келіп, өлшем жүргізіп, оның жалпы сомасының 70 пайызын алдын ала алып алған соң,  ұшты-күйлі жоқ болған. Аталған схема бойынша алаяқтардың торына түсіп, жиһазын да, ақшасын да көрмеген ондаған елордалық бар. Енді олар бірігіп, алдап кеткендерді заң аясында жазалауды сұрап отыр.

Гүлзана Нұрқанова жары екеуі жуырда баспаналы болған. Жаңа пәтеріне ас үй жиһазын сатып алу үшін орталық базарға барып, тапсырыс береді. Бірнеше бөлімнен тұратын әсем әрі заманауи жабдыққа оларға тіпті, әжептәуір жеңілдік жасайды. Бірақ арманындағы ас үй жиһазын күткеніне бүгін, міне, екі ай болыпты.        

«Жиһаз 300 мың теңгеге шықты. Біз ол соманың 70 пайызын төледік. 190 мыңды қолына ұстаттық. Тапсырысымыз қыркүйектің 18-і дайын болады деді. Кейін үйімізге келіп, «7 қазан күні жиһаз әкелемін немесе ақшаңызды қайтарамын» деп қолхат жазды. Бірақ бұл уәдесін әлі күнге дейін орындамады. Телефонға жауап бермей, бізден қашып жүр», – деді Гүлзана НҰРҚАНОВА.  

Гүлзана алаяқтың торына түскен жалғыз астаналық емес. Мәселен, Амантай Ерғалиев жалпы сомасы 1 миллион 20 мың теңгені құрайтын екі жиһазға тапсырыс берген. Айтуынша, тіпті 700 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жүргізіпті. Алайда, әлгі азамат киім қоятын шкаф емес, оның тек кей бөлшектерін әкеліп, сол қалпы қалдырып кеткен.

«Сол жағдайдан соң интернетті ақтара бастадым. Аталған кәсіпкерге қатысты 2015 жылдан бері көптеген жағымсыз пікірлер өріп жүр екен. Адамдарды жүйелі түрде алдап-арбап жүрген көрінеді. Бәрі бір схема бойынша жүзеге асуда. Тапсырыс қабылдайды, жалпы соманың 70 пайызын алдын ала өндіріп алып, ұшты-күйлі жоқ болады. Немесе жиһаздың кей бөлшектерін алып келеді. Мұны менің ойымша, келешекте жазаны қылмыстық емес, азаматтық бағытқа ауыстырып, өзін сақтандыру үшін ойластырған», – деді Амантай ЕРҒАЛИЕВ.    

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін орталық базарға бардық. Алайда, көпті шулатқан жиһаз жасаушысы орнында болмай шықты. Өзіне қоңырау шалғанында, қандай да бір сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Тек мәселені шешу үшін шара қолданып жатқанын айтты.  

«Маған көп ұзамай үлкен ақша түседі. Үлкен көлемде тапсырыс алып жатырмын. Үлкен бір ағам 20 миллион кредит алады. Алла бұйыртса, қарыздарыңнан құтыласын дейді. Бір айдың аралығында ақшаларын қайтарып беремін. «Каспий голд» карталарының нөмірін, ИИН-дарын берген, соған саламын», – деді кәсіпкер Сапарғали ОРЫНБАСАРОВ.

Бұл зардап шеккендердің құлағы әбден үйренген уәде. Олар әлгі азаматтан күдерін үзген. Жапа шеккен жеті астаналық бір-бірін «Жалоба.кз» сайтынан іздеп тауыпты. Олар тіпті, ватсапта арнайы топ ашқан. Енді бірігіп, алаяқты заң аясында жазалауды сұрап отыр. Ал Ішкі істер департаментінде осы тектес фактілер бойынша күніне бір-екі арыз түседі екен.

«Интернет жүйелеріне хабарламалар беріп, өздерінің жиһаз жасайтынын айтып, кейін түрлі суреттерін салады. Қандай жиһазды жасайтынын айтып, сенімге кіріп, бастапқы ақшасын аударуды сұрайды. Ақша аударылған жағдайда телефондарын сөндіріп тастайды немесе алмай қояды. Азаматтарға айтарымыз, ең алдымен ол жиһаз жасайтын кәсіпорынның бар екеніне көз жеткізіңіз. Содан кейін ғана ақшаңызды аударыңыз», – деді Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі София ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Анықталғандай, жиһазға тапсырыс берушілер алдын ала төлемді көп кезекте, терминалдағы киви-әмиян арқылы жүргізеді. Олар осылайша сенімдеріне кіріп алған алаяқтарға 20 мыңнан бастап 600-700 мың теңгеге дейін аударады екен. Тәртіп сақшылары бұл елордадағы алаяқтықтың жалғыз түрі емес екенін алға тартады. Мәселен, соңғы кездері букмекер кеңсесінің ойыншыларына болжам жасап беремін деп, интернет арқылы ақша өндіріп алатын пысықайлар қатары да артыпты. Бір өкініштісі, олардың айласына түсіп жатқандар көп. Астанада 60 адам осындай айлакерліктің құрбаны болған екен.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир