|
09.10.2018 | 17:56
5380

Алматы маңындағы таулардан қола дәуіріне тән петроглифтер табылды

Алматыға жақын тұрған биік таулардан 180-нен аса петроглиф жиынтығы табылды. Тастағы ежелгі суреттердің мұндай үлкен көлемі қыркүйек айында өткен үш күндік ғылыми экспедиция кезінде анықталған.

Есік өзенінен 3 500 метр биіктікте орналасқан Қыземшек асуынан табылған тастар ежелгі қола дәуіріне жатады. Онда халқымыздың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін суреттер және арқар, тауешкі, сондай-ақ мифологиялық аңдардың бейнелері көрініс табады. Оған қоса, ежелгі аңшылардың тұрағы, Ыстықкөл бағытына асады деп жоспарланған жол табылды. Петроглифтерге салынған суреттерді зерттеп жатқан ғалымдар ол аумақты патшалардың саятшылық құрған орны деп жобалап отыр.

«Міндетті түрде, жүйелі түрде зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Біз бұл төңіректе осы сұрақтар бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Неге десеңіздер, қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша киелі мекендерді зерттеп, қайтадан жандандыру, қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері өзекті болып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында үлкен-үлкен жұмыстардың атқарылары сөзсіз», – деді Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры Мұхтар ЕСҚАЛИЕВ.

Енді мамандар киелі орынды қоршап, Іле Алатауының етегін аспанасты галереясына айналдыруды көздейді. Бұл турист тарту үшін таптырмайтын мекен болады дейді ғалымдар. Қазір табылған тарихи жәдігерлер туралы ақпаратты еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне жолдап қойыпты. Сондай-ақ, ескерткіш орнына кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтады. Зерттеулер аяқталған соң көлемді жинақ шығаруды жоспарлап отыр.

Қыземшек асуындағы петроглифтер шоғырын алғаш рет 2010 жылы 5 адам тапқан. Ол кезде 94 тастан 166 бейне анықталған еді. Тек таулы аймақтағы дәйекті деректің жел, қар, жауын-шашыннан жойылып кету қаупі бар екен.

«Неге біз петроглифтерді зерттеуге барынша көңіл бөліп отырмыз. Себебі, ертеде қола дәуіріне немесе темір дәуіріне қатысты деректер көбінесе осы қорғандардағы, ежелгі қоныстардағы, ғибадатханалар орындарындағы петроглифтерден шығып қалып жатады. Сондықтан бірінші кезектегі зерттелуге тиісті деректер – тарихи-мәдени ескерткіштер, петроглифтер», – дейді «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғалым хатшысы Досым ЗІКІРИЯ.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир