Алматыда келер жылы 25 мың маманның айлығы өседі – Бауыржан Байбек

Биыл 5 мыңға жуық алматылық қоныс тойын тойлайды. Баспанаға қол жеткізгендер «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында тұрғызылған үйлерге жайғасады. Ал келер жылдан бастап бюджеттік салада қызмет етіп жүрген 25 мыңдай маманның айлығы өседі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді. Қала басшысы бұдан өзге қандай жаңалық айтты?

Бүгін елордаға еліміздің аса ірі қаржы экономикалық, іскерлік, сондай-ақ, мәдениет пен спорттың, өнер және руханияттың орталығы – Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек келді. Ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін әлеуметтік-экономикалық даму үрдісімен таныстырды.

Шаһар басшысының айтуынша, биылғы жылдың 9 айында экономиканың өсімі 3,5 пайызға артқан. Өнеркәсіп көлемі 3,8%, құрылыс 5,8%, тұрғын үйді пайдалануға беру 15,5%, ал инвестиция 18,5%-ке өскен. Ал қаладағы шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға артқан.

«Өткен жылмен салыстырғанда бюджетке 17,7 пайызға артық салық түсті. Шағын және орта бизнестің жалпы салық түсіміндегі үлесі – 64 пайыз. Нәтижесінде, соңғы жылдар ішінде жұмыссыздық деңгейі алғаш рет 0,1 пайызға азайып, 5,2 пайызға төмендеді», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Бұдан бөлек, Алматыда мемлекеттік бағдарламалар сәтті іске асуда. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 111 шақырым жерге инженерлік желі жүргізілген. Соның арқасында 4200 адам еңбекпен қамтылған. 28 әлеуметтік тұрғын үй мен екі мектепке қосалқы ғимарат салынды. Шаһарда тұрғын үй құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Бұған нақты дәлелдер келтірді әкім. Биыл «Нұрлы жер» және «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламалары аясында 4800 алматылық отбасы баспаналы болмақ. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Сондай-ақ, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша алматылықтар белсенділік танытуда.

«10,9 миллиард теңге болатын 843 несие мақұлданды. Бұдан басқа, жыл аяғына дейін бағдарлама талаптарына сәйкес келетін 600-ден астам пәтер пайдаланылуға берілмек. Бұл бағдарламалардың барлығы ел экономикасын нығайтуға, азаматтың әл-ауқатын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Нәтижесінде, осы жылдың өзінде 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілуде», – деп атап өтті Бауыржан БАЙБЕК.

Бауыржан Байбек тарифтерді төмендету бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарды ретімен таныстырды. Анықталғандай, «Нұр Отан» партиясы мен прокуратураның бірлескен тексерісінің нәтижесінде, алматылық тұтынушыларға 4,5 миллиард теңге көлеміндегі сома қайтарылып жатыр. Ал соңғы үш жылда 800 шақырым инженерлік жүйе жаңартылған. Нәтижесінде, тұрғындар жылу үшін 35 пайызға төмен, ал кәріз жүйесі үшін 1,6 есе, су үшін 2,5 есе аз ақша төлеген. Президенттің Қауіпсіздік кеңесіндегі тапсырмасына сәйкес, келер жылдан бастап газ, су және кәріз тарифтері 10, жеделсаты 7,5, ал жылу 6 пайызға төмендетілмек.

«Еліміз бойынша ең ірі тұрғын үй қоры Алматыда. Қазір 8 мың көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларға 824 Пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Бұл ұйымдардың ашықтығына баса мән беріледі. Соңғы үш жылда тұрғындардың өтінішімен 700-ден астам тексеріс ұйымдастырылған. Заңды бұзғандарға 230 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Бүгінде барлық шоттар, есептер, өтінімдер, жұмыс жоспарлары электронды нұсқада жүргізілуде. Келер жылдан бастап ұйымдар мен тұрғындардың бірлескен жиындарының электронды хаттамалары мен онлайн-дауыс беру енгізілмек», – деді Алматы қаласының әкімі.

Ал қыс түсіп, қар жауғалы Алматыда 88 Пәтер иелері коперативіне 4,3 миллион теңгенің айыппұлы салған. Олар үйдің шатыры мен ауладағы қарды тазаламағаны үшін жазаланған. Брифингте әкім қаланың экология мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың 70 пайызы көліктен шығатындықтан, шаһардағы түтіннің басты себебі көлік болып отыр. Мәселен, күн сайын Алматы қаласының көшелерімен 750 мың темір тұлпар жүреді. Сондықтан көлік нөпірін азайту үшін айналма жолдар салынып жатыр.

«Екінші жылу электр орталығы да қоршаған ортаны ластайды. Зиянды заттардың 11 пайызы осы өндіріс ошағына тиесілі. Былтыр Президент орталықты газға көшіруді тапсырды. Бұл өте маңызды әрі күрделі жоба. Көп қаржыны қажет етеді. Бүгінде «Самрұқ-Энерго» алдын ала технкалық экономикалық негіздеме әзірлеп отыр. Қазір үкімет аталған қымбат жобаны оңтайландырудың жолдарын қарастыруда», – деп тоқталды Бауыржан БАЙБЕК.

Бауыржан Байбек, сондай-ақ келер жылдан бастап Алматыдағы 25 мың бюджеттік сала маманының жалақысы өсетінін мәлімдеді. Олардың қатарында дәрігерлер мен медбикелер де бар. Айта кетейік, ақ халаттылардың еңбекақысы 20 пайызға артатын болады.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана