1 қаңтардан бастап еліміздегі кеден бекеттерінен өтетін қол жүгінің салмағы екі есеге қысқарады

Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша 1 қаңтардан бастап кеденнен алып өтетін қол жүгінің салмағы 50 келіден 25 келіге дейін қысқарады. Алайда, бұл кеденде жалданып тауар алып өтуге тырысатын делдалдардың күрт көбеюіне итермелеуі мүмкін. Қазірдің өзінде «Алтынкөл» кеден бекетінде кептелген саудагерлердің ұзын-сонар кезекке тұрып, тіпті өзара жаға жыртысуына сол жалдамалы жұмысшылар себепкер дейді шекарадағы бақылаушылар.

Есесіне, кеденде күшейтілген тексеріс нәтиже беріп жатыр. Тәркіленген заңсыз тауар көлемі артқан.

Еркін экономикалық аймақтан тауар алып, кері қайтқан халықтың кеденге кептелуі таңнан қас қарайғанша жалғасады. Сауданың қызығына кірген көпшілік 50 келіден асырмау талабын тыңдамай, шекаралық бекеттің берекесін  кетіреді. Осы қарбаласты сәтті пайдаланып, жалданып тауар шығаратын жергілікті халық заңсыздыққа жиі барады екен.

«Алтынкөл» кеден бекетінде арзан тауар іздегендер қарасы көп. Өткен сенбіде ғана 5800-ге жуық адам кеден арқылы «Қорғас» сауда аймағына өткен. Бірақ олардың бәрі алыстан арнайы келген турист емес. Кеден асатындардың басым бөлігі – салықсыз тауар алып шығуға жалданған жергілікті делдалдар.  

«Міне, мынау компьютердің қатты дискілері, ішіндегі қосалқы бөлшектері. Мұнда бір ұсталғанда 80 данасы қатар ұсталып отыр. Бұл ақпарат құралын тасушы зат болғандықтан, оған арнайы органдардың тиісті рұқсат қағазы керек», – дейді кеденші заңсыз тауар тәркілеу барысында.

Мына қымбат ішіктер – кедендегі қырағылықтың нәтижесінде анықталған заттар. Рентгендік тексеріс кезінде күдік ұялатқан дүниелер жеке тексерілуге жіберілгенін білгенде иелері қашып кетеді дейі кеденшілер. Тасымалдаушы сол қалпы табылмаса хаттама толтырылып, уақытша жүк сақтау қоймасында 6 ай тұрады. Құндыз ішіктердің одан кейінгі тағдыры соттан соң шешіледі. Қол жүгінің салмағы аз болғанмен, арнайы рұқсаты жоқ немесе тыйым салынған дәрі-дәрмекті тығып өту оқиғалары да жиі анықталады. Жалдамалы жағдайда күн көретін жұрт қолындағы қапшығын жылдам өткізу үшін жаға жыртысып жатады.

Кезекте тұрған делдалдарды сөзге тартып көргенімізде, бірі: «200 келі тауар шығарсам, 4 адам алып келемін, бәрі паспортпен шығады. 150 келі алып шықсам, 3 адам алып келемін. Ақшасын төлейміз. 5 мың-8 мың теңге беремін. Бәрі де күнкөрістің, жанбағыстың қамы. Осында істеп жүрмін» десе, тағы бірі: «Күніне  5-10 адам жинаймыз да, тиісті ақшасын беріп, тауарларды алып шығып береміз. Бізде Жаркентте зауыт та, фабрика да жоқ. Зауыт-фабрика болса бүкіл жастар сонда жұмыс істер еді. Сырттан келген туристердің тауарын шығарып беріп, ақшасын алып, күнкөріп отырған жайымыз бар» деп мұң шаққандай болды.  

Кеденшілер тауар тәркілеу, әкімшілік хаттама толтыру сынды қатал шараларға барғандықтан, жалдамалы жандардың саны сәл де болса азайды дейді. Қытай дүниесіне қызыққан халық саны көбейгендіктен кеденшілер мен шекарашылардың күнделікті жұмыс уақыты артқан. Биылғы он айда 1 мыңнан астам қымбат құндыз ішік, жарты тоннадан астам тыйым салынған дәрілік заттар, 2 мың ұялы телефон тәркіленген.  

«Алып өту кезінде адамдар неше түрлі алдауларға барады. Мысалы, сыртын көрпе-жастықпен орап алады. Ішінде неше түрлі нәрсе тығылып жатады. Мысалы, қазір алып өтетін тауардың салмағы 50 келі, кедендік құны 1,5 еуро болатын болса, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап алып өтетін тауар салмағы 25 келі, кедендік құнын 500 долларға азайғалы отыр», – деді «Алтынкөл» кеден бекетінің бас маманы Бекен НҰРАХМЕТОВ.

«Қорғас» кеден бекетінен күніне орташа есеппен, 40 тоннадан астам қол жүгі өтеді екен. Ал қалыпты көрсеткіштен көбейіп кеткен қол қапшықтағы бір келі зат үшін 4 еуроға шақталып теңге төленеді. Бекеттегі бақылауды берік етудің арқасында мемлекетке тек қол жүгінен күніне 1 миллион теңгеге шамасында түсім түсіп тұр.  

Тауарды тегін алып өту салмағы тағы да төмендейтіндіктен, кедендік  кіріс  көлемі көбеюі мүмкін дейді бекеттегі бақылаушылар.  


Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы