Алматы полициясы автобус жүргізушілерінің тәртібін қатаң тексеруге кірісті

Алматыда жол ережесін жиі бұзатын автобус жүргізушілері жаппай жазаланып жатыр. Полицейлер қаладағы қоғамдық көліктердің барлығының техникалық жағдайы мен жүргізушілерінің тәртібін қатаң бақылауға кірісті. Өйткені, шаһарда автобустардың қатысуымен болатын көлік апаты көбейген. Соның салдарынан биылдың өзінде 4 адам өлім құшыпты. Осыны ескерген сақшылар бақылауды күшейтпек.

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілерінің кесірінен жол апаты жиілеп кеткен. Жыл басынан бері тас жолда тайраңдап, тәртіп бұзған автобус жүргізушілері қалада 300-ге жуық жол апатын жасаған. Салдарынан 400-ге жуық адам жарақаттанып, 4 адам тілге келмей жан тапсырған. Осыны ескерген полицейлер алдағы күндері қоғамдық көлік жүргізушілерінің барлығының тәртібін қатаң бақылауға алмақ.


Жұмысына селқос қарап, жолаушылардың өмірін қатерге тігетін қоғамдық көлік жүргізушілерімен полицейлер бұдан былай мықтап күресуге кірісті. Олардың басқаруындағы көліктердің техникалық жағдайынан бастап, жеке тәртібі де енді қатаң бақылауға алынады. Жол сақшылары аялдамаларға тоқтаған автобустарға шетінен назар салғаны сол еді, тілегендері алдарынан іздемей-ақ табылды. Айналдырған жарты сағатта полицейлер заң бұзған 4 қоғамдық көліктің жүргізушісін қолға түсірді.

№135-ші бағыттағы қоғамдық көлікті сақшылар техникалық талапқа сай еместігі үшін тоқтатты. Көліктің алдына орнатылған велосипед қоятын құрылғы, мемлекеттік нөмірін жауып қалған. Соны пайдаланған бұл көліктің жүргізушісі бейнекамераларға түспей сытылып кетіп жүрген. «Велотіркегішке еш қатысым жоқ» деп ақталған тізгіншіні полицейлер жолдан қалдырып, автобусын айып тұрағына жөнелтті.

Қоғамдық көлік жүргізуге берілетін рұқсаты жарамсыз болып қалса да, әлі күнге дейін жолаушы тасымалдап жүрген жүргізушілер аз болмады. Полицейлер мұндай автобустардың барлығының жолаушыларын түсіріп, көліктерді рейстен алып тастады. Қоғамдық көліктердің бірін тіпті, Қазақстан аумағында жұмыс істеуге еш рұқсаты жоқ Өзбекстан азаматы басқарып жүргені анықталды.

«Қазір жүргізуші жетіспей жатыр ғой, өзім жақында келгенмін. Құжаттарымның бәрін жақында жасатамын», – деп ақталды қоғамдық көлік жүргізушісі Бердалы ЕСНАЗАРОВ.

Тәртіп сақшылары заң бұзған жүргізушілердің барлығына 12 мың теңгеден астам айыппұл салды. Ал көліктерді айып тұрағына жөнелтті.

«Адамдарға ешқандай назар аудармайсыңдар! Шамалы жан-жақтарыңа қарасаңдаршы, сендер автобуспен адам тасып жүрсіңдер ғой. Өткенде бір адамды аялдамаға жетпей түсіріп кетіпсіңдер. Ол көзі көрмейтін адам болған, арыққа құлап басын жарған», – деп түсіндірді полиция қызметкерлері автобус жүргізушілеріне.

Тас жолда бәйге ұйымдастырып, өзгелердің өмірін қатерге тігетін автобус жүргізушілерін полицейлер бүгін әбден сыбап алды. Өйткені, соңғы уақытта қоғамдық көлік тізгіншілері қызметіне селқос қарап, жол ережесін өрескел бұзуды жиілеткен. Көбісі тізгінде отырып ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті ойын ойнайтын көрінеді. Мұны полицейлер камераларға түскен жазбалардан анықтапты. Соңғы 15 күннің ішінде осындай тәртіп бұзғандарға жүздеген хаттама толтырылған.

«Осы шара аясында бізге жол ережесін қайта-қайта бұзған автобус жүргізушісі кездессе, бір жыл ішінде бір емес екі-үш рет жол ережесін бұзып, хаттама толтырылған немесе айыпқа тартылған жүргізуші болса, біз оны міндетті түрде қайтадан емтихан тапсыруға жібереміз», – деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Еркін ӨТЕГЕНОВ.

Ал сынақтан сүрінгендерге қоғамдық көлікті қайта тапсыру екіталай. Полицейлер жол ережесін білмейтін жүргізушілерді жұмыстан босату туралы ұсыныс бергелі отыр.

Айта кетсек, бүгін қала аумағында 10 автобус айып тұрағына жөнелтіліп, тізгіншілеріне айыппұл салынды. Мұндай шара ең бастысы жолаушылар мен тас жолдағы өзге де жүргізушілердің өміріне қауіп келтірмеу үшін қолға алынып отыр.


Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы