|
11.01.2019 | 20:19
10750

Алматыда Еңбек инспекциясы жұмысшылардың 475 млн теңге еңбекақысын өндіріп берген

Өткен жылы Алматы қалалық Еңбек инспекциясы 3 мыңнан аса жұмыскердің құқығын қорғап, 475 миллион теңге көлемінде еңбекақыларын өндіріп берген. Ал мамандар ҚР Еңбек кодексін түсіндіру бойынша жыл бойы 250-ден аса кездесу өткізіпті.

Биыл қаладағы қанша кәсіпорын жұмысшылардың жалақысын көтерді? Енді орташа жалақы қанша пайызға өспек? Еңбеккерлердің құқығын таптаған заңды тұлғалармен қандай жұмыс жасалуда? Осы және өзге де сұрақтарға Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ жауап бермек.

– Данияр Әлкебайұлы, жұмысшылардың жағдайын жасау бойынша қандай шаралар қабылданды?

– Бұл бағытта айта кететін жәйт, Елбасының жолдауын жүзеге асыру мақсатында ең төменгі жалақы мөлшері қазір 1,5 есеге өсіп, 42 500 теңге болды. Бүгінгі таңда аудан әкімдері және қала басқармаларының түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, 20 мыңнан астам мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 19 мыңнан астам мекеме бүгінгі таңда 100 мыңға жуық жұмысшының жалақысын 9 пайыздан 24 пайызға дейін өсіретін болып шешті. Оған қосымша, төмен жалақы алатын қызметкерлері жоқ мекемелердің өзі 30 пайызға дейін жалақыны көтеруге ниет білдірді.

– Әрбір қызметкердің еңбек мүдделерін қорғауға арналған ұжымдық шарт жасасуға болады. Жалпы, ол қандай келісімшарт, құжат не үшін қажет? Онда жұмысшы үшін қандай қолайлы тұстар қарастырылған?

– Ұжымдық келісімшарт – Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыскерлердің еңбегін өзінің құқықтарын қорғау үшін жалпы мекеменің жұмысшылармен жасалатын ұжымдық келісімшарт болып саналады. Ол ұжымдық келісім-шартта жұмысшының және жұмыс берушінің құқықтарын қорғайтын мәселелер қозғалады. Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 400 мыңға жуық жұмысшыны қамтитын 12 мыңнан астам ұжымдық келісімшартқа қол қойған. Бұл бағытта жұмыс әлі де жалғасуда. Жұмысшылардың ұжымдарындағы түсіндірме жұмыстары әрқашанда еңбек инспекциясының басты назарында.

– Алматы қалалық еңбек инспекциясының мәліметінше, 2018 жылы 266 заңды және жеке кәсіпкерлерге Еңбек кодексін бұзғаны үшін 47 миллион теңгеге хаттама толтырылыпты. Жұмыс берушілерден қанша заңбұзушылық анықталды?

– 2018 жылдың қорытындылары бойынша 800-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, сол тексеру нәтижесінде 700-ге жуық заңбұзушылық анықталған. Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес айыппұл салынып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Бұл бағыттағы жұмыс әрдайым жалғаса бермек. Жұмысшылардың құқығын қорғау – Еңбек инспекциясының басты жұмыстарының бірі деп айтсақ болады.

– Қажетті ақпарат, тұщымды жауабыңыз үшін рахмет!


Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир