|
20.08.2018 | 20:46
2506

«7-20-25» бағдарламасының атын жамылған жарнамалар пайда болуда

«7-20-25» бағдарламасының атын жамылған жарнамалардан сақ болыңыз! Мұны «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат АЛТЫНБЕКОВТІҢ өзі ескертуде.

Қараша халыққа ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы құрылыс компаниялары мен тұрғын үй кооперативтері «0-20-25», «5-19-25», «5-10-25» сынды түрлі акцияларды белсенді ұсынуда. Алайда, олардың ешқайсысының шарттары «7-20-25» бағдарламасына сәйкес келмейді. Осы мәселенің мән-жайына қанығып, анығын білу мақсатында «Баспана» ипотекалық ұйымының  Басқарма төрағасы Қайрат Алтынбековпен әңгімелескен едік.

– Қайырлы кеш, Қайрат Төреқұлұлы, соңғы кездері «7-20-25» бағдарламасының атын жамылған жарнамалар қайдан пайда болды? Олардың көздегені не?

– Кеш жарық! Өздеріңіз білесіздер, Президенттің қолдауымен осы жылдың 4 шілдесінен бастап «7-20-25» бағдарламасы жұмыс істей бастады. Бұл қоғам арасында үлкен сұранысқа ие болып отырған бағдарлама.

Алайда, кейбір құрылысшы компаниялар немесе  әлдебір жекелеген адамдар пайда табу мақсатында осы сандарға ұқсас басқа сандармен өздерінің жарнамаларын жүргізіп жатыр.  Мысалы ретінде айтар болсақ, «0-20-25» деген сияқты бағдарламалар шыға бастады. Егер байыптап қарасақ, ресми бағдарламадағы 25 деген сан – 25 жыл деген мағынаны білдіреді. Ал жаңағы біз атап өткен басқа жарнамалардағы 25 саны – 25 ай деген сөз. Сондықтан азаматтар ондай жарнамаларға қызығушылық танытқанда, мұқият болса екен.

Мәселен, бір азамат 10 миллион теңгелік тұрғын үй алатын болса, оның алғашқы жарнасы 2 миллион теңге 20 пайызн төлейді де, қалған 8 миллион теңге несиені 25 жылға бөліп төлейді. Демек, ай сайынғы төлем 56 мың теңгені құрайды. Одан басқа ешбір төлем қарастырылмаған. Осы тұрғыдан алғандаң азаматтар мұқият болса дейміз.

– «7-20-25» бағдарламасының баламасы ретінде осындай жарнама жасауды алаяқтыққа жатқызуға бола ма? Ипотекалық компанияның ендігі әрекеті қандай болмақ?

– Бұл жағдайды біз алаяқтық деп айта алмаймыз. Әр компанияның өз жарнамасы болады. Біздің бұл жерде айтып жатқанымыз, азаматтар ондай несиелерді Президент бағдарламасына сәйкес берілетін несиемен шатастырып, алданып қалмай, мұқият болса, жаңағы біз айтып өткен сандарды салыстырып қараса, алданып қалмаса екен.    

– Мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы бойынша бір айдан астам уақыт ішінде қараша халықтың қызығушылығы қандай болды? Баспанаға өтініш түсіріп жатқандар қаншалықты көп?  

– Бағдарламаның жұмыс істеп жатқанына бір айдан астам уақыт өтті. Қазір өте қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Мысал ретінде айтып өтсем, біздің серіктес банктерімізге 18 миллиард теңгеден астам  сұраныс түсіп жатыр. Соның ішінде, қазір 12 миллдиардтан артық несиелер мақұлданып, тиісті азаматтарға беріліп жатыр. Яғни, бағдарламаға деген сұраныс өте көп.

– Қайрат Алтынбекұлы, тұщымды ақпаратыңызға көп рахмет!


Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы»  телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

Прямой эфир