Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Алматының 3D картасы: қаладағы кез келген ғимаратқа қатысты мәліметті жылдам ала аласыз

Алматыда жаңадан әзірленген қаланың 3D картасы мамандардың жұмысын 50 пайызға жеңілдетті. Оған қоса, енді халық та барынша уақыт үнемдейтін болды.

Бұл жаңа жүйенің арқасында шаһардағы барлық ғимаратқа қатысты ақпараттарды бір сайттан алуға болады. Ал, мамандар бұл тек мәлімет қана емес, құжат ретінде қарастырылады деп отыр. Сондықтан қандай да бір нысан туралы ақпарат алу үшін Сәулет және қала құрылысы басқармасына хат жазып, 15 күн күтудің қажеті жоқ. 3D карта қаланың бас жоспары негізінде жасалған. Онда 169 қабат бар. Яғни, ішіне үйлер, жолдар, өзендер мен саябақтар кірген. Картаның ерекшелігі сол, қызыл сызықта тұрған нысандарды, үйлердің салыну сапасы мен инженерлік инфрақұрылымдарын да көруге болады.

«Неге қойдық? Қойған себебіміз, негізінде құрылысшыларға, мысалы, жай адамдарға құрылыстың алдында көмек береді. Қандай нысанды салуға болады? Қандай биіктікті салуға болады. Негізі салуға бола ма болмай ма? Қызыл сызық сыртта тұр ма, жоқ па? Біздің қала да өсіп жатыр. Адам өседі. Адам өскен кезде шекаралар да өседі. Сол себепті, біз оған ақпаратты күнде толтыруымыз керек», – деп түсіндірді Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан Ахмеджанов.

3D картаға қосымша мәліметтер толықтырылып отырады. Мамандар жыл соңына дейін қалада жаңадан салынып біткен құрылыс нысандарын енгізуді жоспарлап отыр. Мәселен, Алматыда былтырдың өзінде 7 мыңнан аса ғимараттың электронды паспорты әзірленіпті.