|
13.02.2018 | 20:31
1677

Алматыда кәріз суын өзенге ағызып келген кәсіпкер айыппұл арқалады

Алматыда жаңадан салынып жатқан «Достық» метро бекетінің құрылысшылары қала тұрғындарына кедергі келтірді. Олар ауыр техникамен көшені шұрық тескені өз алдына, енді лай-батпақты маңайға шашып, елді әбігерге салып жатыр екен. Салдарынан жергілікті тұрғындар мидай езілген көшеде аяқ алып жүре алмай қалған.

Былтыр жазда Яссауи мен Қарағанды көшесінің қиылысында «Достық» метро бекетінің құрылысы басталғалы, жергілікті тұрғындардан маза кеткен. Олар салақ құрылысшылардан әбден мезі болдық, дейді. Айтуларынша, темір дуалмен қоршалған аумақтан күніне сан мәрте ауыр техника шығып, тас жолдарды әбден талқандаған. Ал қар ерігелі ойдым-ойдым болған жолдан тіпті аяқ алып жүру мүмкін емес. Көшенің батпағы мидай езіліп, елді әбігерге салып жатыр.

«Камаздар езіп кеткен лай-батпақтың барлығы біздің үйімізге қарай ағып жатыр. Аяқ алып жүре алмаймыз. Жұмысшылар көпшілікке ортақ көшеге шықпас бұрын, ауыр техникасын жуып-шайып тазалып шығуы керек емес пе? Біз осыны айтып ескерту жасасақ, құлақтарына ілмейді. Керісінше, өзімізге ұрыса жөнеледі», - деді Ахмеджан ШЫРИНДИНОВ.

«Арықтарымызды лай-батпақпен бітеп тастады. Есіктің алдына 1 минутқа да көлік қоя алмаймыз, топырағын шашыратып былғап кетеді. Ал өздерінің машиналарын көшенің бір бөлігіне қатар қойып, тұрақ жасап алды», - деді Махмуд ДАНАХУНҰЛЫ.

Тұрғындар бұл базынасын жергілікті әкімдікке де жеткізіпті. Бассыздықты өз көзімен көрген экологтар  құрылыс бригадасының жетекшісіне ескерту жасау үшін бүгін полицейлермен бірге келді. Алайда, қабағы қатулы жұмысшылар, тіпті, құзырлы орган өкіліне құлақ аспай, есіктерін тарс жауып, ішке ешкімді кіргізбеді.

Құрылысшылар биік қоршауды мықтап бекітіп алған соң, тұрғындар түсірілім тобына сатыларын алып жәрдем етті. Қоршалған аумақта бірнеше ауыр техника қазба жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Алайда, көшеге шығармас бұрын көліктерінің дөңгелегін жуып-шаятын арнайы орынды көзіміз шалмады. Тазалық сақшылары әрмен қарай күл-қоқыспен қоршаған ортаны ластаған «Медина» спорт кешеніне жол тартты. Сөйтсе, мекеме қожайыны талайдан бері кәріз суын Қарғалы өзеніне ағызып, күл-қоқыс пен қатқыл қалдықтарды да ағын суға шашып жүрген.

«Өткен сенбіде арнайы комиссиямен келіп, кәсіпорын иесіне ескерту жасадық. Маңайды тазалап, қоқыстарын шығаруды тапсырдық. Сондай-ақ шатырдағы мұздарды түсіру қажетін ескерткенбіз. Ол 2 күнде барлығын ретке келтіремін деп уәде беріп еді, бірақ нәтижесін өздеріңіз көріп тұрсыздар», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданы әкология бөлімінің басшысы Ғалия ТӨЛЕГЕНОВА.

Маңайды әбден ластаған салақ кәсіпкер төбе көрсетпеді. Дегенмен, орнына шыққан атқарушы директоры қомақты айыппұл арқалады. Оған қаланың көріктендіру заңнамасын бұзғаны үшін 48 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Әрі, 3 күннің ішінде маңайды мұнтаздай етуге қосымша уақыт берілді.  Егер бұл жолы да ескертуді елемесе, айыппұл еселене түспек.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир