|
26.02.2018 | 23:51
3052

Алматыда Шамғон Қажығалиевтің 90 жылдығы тойлануда

Қазақтан шыққан тұңғыш дирижер Шамғон Қажығалиевтің 90 жылдығы тойлануда

Қазақтан шыққан тұңғыш дирижер Шамғон Қажығалиевтің 90 жылдығы тойлануда. Атаулы датаға орай Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі «Қажығалиев əлемі» атты апталық шараны қолға алған. Мерейтойға әйгілі дирижердің шәкірттері жиналды. Қажығалиевтің құрметіне орай, Абай атындағы Мемлекеттік опера жəне балет театрында өтіп жатқан гала концерттен əріптесім Перизат Көмекбайқызы тікелей байланысқа шықпақ.

- Перизат, гала концерт қалай өтіп жатыр? Кімдер өнер көрсетуде?

- Гала концерт бір сағат бұрын басталды. Қазір кештің нағыз қызған шағы. Шарада ең алғашқылардың бірі болып Шамғон Қажығалиев оркестрге дирижерлік еткен тұста бір сахнада өнер көрсеткен Социалистік Еңбек ері, КСРО халық артисі - Бибігүл Төлегенова əн шырқады. Сондай-ақ  отандық жəне əлемдік сахна төрінде қазақ елінің абыройын асқақататып жүрген бетке ұстар майталмандар өнер көрсетуде. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген артистері - Шаһимардан Əбілов жəне Жалғасбек Бегендіков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері- Айтқали Жайымов, Талғат Күзенбаев бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, оркестрдің бас дирижері - Арман Жүдебаев дирижерлік етеді. Концертте əйгілі дирижердің өзі қазақ оркестрімен ойнатқан төл жəне классикалық шығармалары орындалып жатыр. Жиналған қауым өнерпаздардан ыстық ықыласын аямады. Көрермен үшін алыс жақын шетелдерден келген əншілер де өнерін паш етті.

Кəсіби дирижер Шамғон Қажығалиевтің 90 жылдық мерейтойына арналған шара 24 ақпанда басталған. Дара тұлғаның өзі нотаға түсірген партитуралардан құралған «Алатау» атты жинағы, аудио дискінің тұсауы кесілді. Атап өтерлігі, жинақта 1969 жылы дирижер өзі оркестрмен ойнатқан шығармалары қайта өңделіп шығарылған. Іс-шара концертпен жалғасын тапты. Шамғон Сағаддинұлы тек қазақ музыка өнерінің қалыптасуына ғана емес, 1970 жылдары Өзбек халық аспаптары оркестрінің қайта құрылуына да үлесін қосқан. Өнерпаздың шəкірті, Өзбекстанның халық əртісі Фарух Садықов «Ұстазға арнау» атты концертін өткізді.

«Мен ол кісіні өте құрметтеп, жақсы көретін едім. Ол Қазақстанның мықты дирижерлерінің бірегейі еді. Құрманғазы оркестрін жоғары деңгейге көтерген адам. Бұл кісінің өз оркестріне жасаған жағдайына өзге оркестрлер қызыға да қызғана қарайтын. Ол  басқару жағы болсын, материалдық база, концерт залы, шығармашылық деңгей болсын  барлық жағынан басқалардан биік еді», - деді Өзбекстанның халық әртісі, дирижер Фарух САДЫҚОВ.

«Апта бойы жалғасын тауып жатқан шараға Мəдениет жəне спорт министрлігі қолдау көрсеткен. Мерейтойлық шара еліміздің əр өңірінен келген өнер иелерінің «Шамғон шəкірттері» атты концертпен бүгін қорытындыланады.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp

В СТАТЬЕ

Дирижер Оркестр
Новости партнеров

Лента новостей

Прямой эфир