|
22.03.2018 | 11:45
2674

Алматыда Ұлыстың ұлы күні ұлттық спорт дәріптелді

Ұлт мейрамында ұлттық өнердің де ұлықталатыны белгілі. Атпалдай азаматтар Астана алаңында алматылықтарға ат өнерінен көрініс көрсетті. Тіптен қаланың қақ ортасында көкпар тартып, көпшіліктің ішінде көлденең шапты. Қала ішіндегі қара құрым халықтың қызығушылығын оятқан аттылардың өнерін келесі көріністен көрсек.

Көкбар десе делебесі қозатын, тақымдағы тұлпармен бірге қиқулап қоя беретін  жүректі, білекті жігіттердің бірі - Дінмұхамед. Кең далада қиқу салатын көкпаршы талай тартыста топ жарған. Сәйгүлігін сайлап, жал-құйрығын тарап тұрған жігіт ұлық мерекеде алматылықтардың алдына шықпақ.

«Дәу күрең деген ат. Қарабайыр тұқымы. Қазақтың ата-бабамыздан шыққан. Жасы алтыда. Ыстыққа да, суыққа да төзімді болып келеді. Көкбардың нағыз мықты аттары осы қарабайырлар», - деді көкбаршы Дінмұхаммед ОМАРБЕКОВ. 

Әдетте көсіле шабатын шабандоздардың жарысы қаланың ішіндегі алаңда емес, алыс ауылдарда өтетін. Астана алаңында өтетін іс-шаралардың ішіне көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ сынды ат ойындары  да кірген. Ондағы мақсат - қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс,  әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналған  жануардың қасиетін көпте көрсету. 

«Қазақ пен жылқы екеуі егіз ұғым. Өйткені қазақсыз жылқы, жылқысыз қазақ болмайды. Себебі біз түріктің ұрпағы - көшпенді өмір сүргенбіз, барлық қызметіміз атқа байланысты болған. Бұл біздің қазағымыздың рухын, духын көтеру үшін міндетті түрде оны атпен байланыстыру керек. Атқа мінуді, атпен қарым-қатынас жасауды. Аттың қасиеттері көп қой, айтып жеткісіз. Ең ақырғы аяғы аттың өзінен бөлінетін энергиясының өзі шексіз», - деді атбегі Сәрсенбай ҚҰЛБАЕВ. 

Жылқыны жан серігі ретінде санайтын сері жігіттер сәйгүліктерін сайлап, сыннан сүрінбей өтті. Садағын сайлаған мерген қыздарда мерекенің көркін қыздырды. Қашса жеткізбей, қуса қамшының астына алған сұлу қыздарда көптің көңілінен шығып, жиналған жанның делебесін қоздырды.    


Әмірболат Құсайынұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp

В СТАТЬЕ

көкпар Наурыз
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир