|
12.01.2018 | 20:35
1105

Алматыда ұялы байланыс операторларының қаржысын қымқырып келген күдікті ұсталды

Алматыда ұялы байланыс операторларының қаржысын қымқырып келген күдікті қолға түсті. Орта жастағы әйел әккі әрекетін жүзеге асыру үшін «СИМ-БОКС» атты шағын құрылғыны пайдаланған. Модем іспетті жабдықты ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қала іргесіндегі жер үйден анықтады. Айғақ заттардың барлығы сараптамаға жеткізілді. Ал, күдікті келіншекті құзырлылар тергеп жатыр.

Модем іспетті бұл жабдық - сырт көзге еш күдік туыдырмайды. Кәдуілгі ғаламтор таратқыш құрылғы тектес. Үй иесі әлгі құралды туған қызы осыдан 2 ай бұрын келіп, орнатып кеткенін айтады. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келген екен. Қорапшаның қауіпті екенін білмеген де. Содан болар, сезіктенбеген.

Секемсіз қарттың селқостығын бауыр еті баласы пайдаланды дегенге қария сенбейді. Шынтуайтында, «СИМ-БОКС» - дыбыстық трафиктерді ұрлау үшін қолданылады. Қылмыскерлер әр түрлі байланыс операторларының сим-картасын сатып алып, жабдыққа орнатады. Соның көмегімен қап қаражатқа кенеледі. Тіпті, небәрі 3 айда 2 жарым миллион теңгеге дейін табыс табуға болады екен. Құрылғы тек мұнысымен ғана қауіпті емес. Мәселен, «СИМ-БОКС» арқылы өзге елден қоңырау шалғандарды анықтау екіталай. Сондықтан оны лаңкестер де пайдаланып кетуі мүмкін.

Былтырғы жылы ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мен полицейлер еліміз бойынша осындай 6 құрылғыны анықтаған. Олар Астана, Алматы және Павлодар қалаларынан табылыпты. Қолға түскен күдіктіні құзырлы орын өкілдері тергемек. Ал, қауіпті жабдық сараптамаға жіберілді. Егер ұсталған келіншектің кінәсі дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Дастан Сейілханұлы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы     

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир