|
26.05.2018 | 10:02
2376

Алматыдағы менингит: эпидемиологиялық жағдай әлі тұрақталған жоқ

Екпе салдыруға қарсы адамдардың саны көбейіпті. Биыл елімізде 13 мың 622 адам профилактикалық вакцинадан бас тартқан. Әсіресе, Алматы қаласы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының тұрғындары қарсылық білдіруде. Мұның салдары ауру-сырқаудың артуына алып келеді,- дейді ақ халаттылар.

Алматыда менингит ауруы әлі ауыздықталған жоқ. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталмады - деген дәрігерлер жалпы бұл дертке екпенің ақылы түрде егілетінін айтады. Былтыр оның құны жекеменшік медициналық мекемелерде шамамен 22 мың теңгені құрапты. Бұл баға ересек пен балаға да ортақ,-дейді дәрігерлер. Көбінесе, менингококк инфекциясына қарсы вакцинаны қажылыққа баратындар салдырады екен. Ал биыл мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталмағандықтан, бағасы белгіленбепті. Жалпы Алматыда ағымдағы жылы жоспарлы екпемен 50 мыңнан аса адам қамтылған. Оның 33 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар.

«ҚР-ның ұлттық күнтізбелік екпесіндегі барлық жұқпаларға қарсы вакцинациялау тегін жүргізіледі. Атап айтқанда, қызылшаға, қызамыққа, туберкулезге,полиомиелитке, сонымен қатар эпидемиялық паратитке қарсы жұқпаларға тегін жүргізіледі. Ата-аналардың арасында балаларына екпеден бас тартатын ата-аналар болады. Дегенмен де олар кейін өз еріктерімен екпе салуға келеді»,-деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті эпидемиологиялық бөлімінің бас маманы Бибігүл НҰРҒАЛИЕВА.

Екпе салдыруға қарсылық білдіргендердің қатарында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Сағыныш Самашова да бар. Айтуынша, вакцина адамның иммунитетін төмендетеді. Сондықтан бала туа салғанда салынатын міндетті екпелерден өз еркімен бас тартқан.

«Мен өзім бас тарттым. Өйткені екпелерден шығар деп ойладым. Өйткені, іздендім, қарадым, сұрастырдым. 5 жасқа дейін енді баланың ағзасы, иммунитеті даму үстінде болады екен. Сонымен вакцина, екпе деген керісінше иммунитетті басып тастайды»,-деді САҒЫНЫШ САМАШОВА.

Биыл елімізде халықтың 49,5 пайызы жеке сеніміне, 35,3 пайызы діни нанымға байланысты, ал 9,5 пайызы сенімсіздіктен екпе салдыруға қарсылық білдірген.  Жыл сайын түрлі инфекциялық ауруларға қарсы шамамен 5 миллион адамдай, оның ішінде 1,3 миллион бала егіледі. Жұртты вакцинациямен қамтамасыз ету елімізде 96 пайызды құрап отыр. Ақ халаттылар соңғы 20 жылда екпенің арқасында қызылша 4 мың есе, эпидемиялық паротит 106 есе, «B» гепатиті 38 есе, оның ішінде балалар арасында 317 есеге азайған деген мәлімет айтты.  Көкжөтелмен ауру көрсеткіші тұрақталып, дифтерия және сіреспемен ауыратындар азайған.

«Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дәрігерлер елімізде аудан, облыс деңгейінде комиссия құрып, екпе салдырудан бас тартқан жағдайда кеңес өткізеді. Оның құрамында денсаулық сақтау басқармасы, жергілікті басқарушы органдар, ішкі саясат және дін істері жөніндегі басқарманың өкілдері бар. Әсіресе, жас аналар дос-жаран, көрші-қолаңнан естіген қате ақпараттан екпе салдыруға қарсылық білдіреді»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитеті эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы ДИНАРА ОМАРОВА.

Америкалықтардың қаржысымен қабырғасы қаланған Алматының қақ ортасындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштары сақталған заманауи зертхана былтыр ашылып, биыл өз жұмысын толық бастады. Айта кетейік, нысан 70 жылдық тарихы бар Масғұт Айқымбаев атындағы қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығының жанынан салынды. Құрылысы 7 жылға созылған режимдік нысанда оба, сібір жарасы, холера, бруцеллез секілді аурулардың штаммдары бар. Орталық референттік зертхана бірден 3 министрлік, яғни, Денсаулық, Ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, Білім және ғылым министрліктеріне қарайды. Қатаң режимдегі нысанды ашудағы мақсат - өзге елден келетін жұқпалы дертті таңсық көрмей, қандай да инфекцияға дауа табу екен.

«Бүкіл әлемдегі бар аурулардың қоздырғыштары осында бар деп айта алмаймын. Қазақстандағы барлық қоздырғыштар бар. Бірақ одан да басқа бізге анда-санда алып келетін аурулардың зерттеуін осы жерде жасауға, жүргізуге мүмкіндік бар. Мысалы, былтыр денге ауруы осы жаққа Қазақстанға аурулар келді. Осы зертханада нақты диагнозын қойып берді. Иә, ол денге ауруы. Бізде Қазақстанда денге қоздырғыштары жоқ, ондай аурулар жоқ»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитеті эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы РОЗА ҚОЖАПОВА.

 Орталық Азиядағы аналогы жоқ мекеме 9 балдық зілзала күшіне төтеп бере алады. Айтпақшы, қауіпсіз және қорғалған зертханада мүлде терезе жоқ. Оған қоса, ондағы ауа 3 деңгейлі фильтрациядан өтеді. Енді 170-дей қызметкері бар зертхана бруцеллез бен обаның ошағы саналатын Қазақстанда вакцина шығармақ. Одан бөлек, тізімде 40 түрлі препарат да өндіру көзделіп отыр. Ал аса қауіпті қоздырғыштармен жұмыс істейтін мамандар қатал іріктеуден өтіп, күнделікті жұмыста аса ұқыптылықпен қызмет істеуі керек.

«Бұл мекемеге бөтен адам кіре алмайды. Тірі ағзалар мұражайы дейміз, онда міндетті түрде ғалымдарға қолайлы ауа температурасы қойылады. Айта кетейін, ойламаған жерден болатын өрт кезінде де жұқпалы қоздырғыш сыртқа тарамайды. Зертханада жұмыс жасап жатқан кезде жарық пен сумен ешқашан өшпейді. Ол алдын ала қамтылған жүйелер арқылы іске қосылады. Мекеме қатаң бақылауда»,-деді Масғұт Айқымбаев атындағы қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығының бас инженері Павел БЕЛЯЕВ.

Айта кетейік, Қазақстанға екпе Франция, Ұлыбритания, Кореядан әкелінеді. Вакцинаны сатып алатын Денсаулық сақтау министрлігі тек сертфикатталған, халықаралық зертханалардағы тексерулерден өткендерін ғана елге өткізеді. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, полиомиелитке, сіреспеге, дифтерияға, көкжөтелге, қызылшаға және эпидемиялық паротитке қарсы жоспарлы иммундау жыл сайын әлемдегі 3 миллион баланың өмірі мен денсаулығын құтқарады екен. Болжам бойынша, алдағы 5-10 жыл ішінде әзірленетін жаңа вакциналардың көмегімен жылына тағы 8 миллион баланың өмірін аман алып қалуға мүмкіндік бар.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир