|
06.12.2017 | 16:22
8094

Алматылық ғалымдар терінің зең ауруын емдейтін дәрі жасады

Алматылық ғалымдар терінің зең ауруын емдейтін дәрі жасап шықты. Теңдессіз препарат - ел ішінде грибок деп аталатын аурудың 40 түрін небары 15 күн ішінде жоқ қылады екен. Жақпамай түрінде жасалған дәріні Микробиология және вирусология институтының мамандары ойлап тапқан.

Тері зеңінің 40-қа тарта түрінен санаулы күнде айықтыратын бұл дәріні жарыққа шығару үшін, отандық ғалымдар 20 жылдан астам тер төккен. Дегенмен, еткен еңбек еш кетпеді. Жуықта ғана жарыққа шыққан жақпамайды 1000-ға тарта адам қолданып, ауруынан 100 пайызға емделіп шыққан. Соның әсерінен болар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл препаратты «теңдессіз дәрі» деп мойындап үлгерген. 

«Осы жылы Денсаулық Министрлігінің реестріне кіріп отыр. Әрине, қазір жасыратын ештеңесі жоқ негізінен бізге келіп жатқан дәрілердің барлығы шетелден келіп жатыр. Валютаға сатып алынады, сондықтан да ол қымбат болып жатыр. Ал, енді бұл өзіміздің жергілікті жерден шыққаннан кейін мұның сапасы да, бағасы да халыққа тиімді болып отыр. Сондықтан да, біз бүкіл 14 облысқа таратып бердік тегін»,-деді Микробиология және вирусология институтының бас директоры, Аманкелді САДАНОВ.

Бүгінде Қазақстанда ересек адамдардың төрттен бір бөлігі тері зеңінен зардап шегеді екен. Сондықтан да, жұқпалы аурудың бұл түрін ауыздықтайтын дәрі-дәрмекке сұраныс көп көрінеді. Мәселен, былтыр елімізде зең ауруларына қарсы сатылған дәрілердің саны 1,5 млнға жуық болса, биылғы 4 айдың өзінде 617 мың препарат сатылып кеткен. Олардың барлығы дерлік шетелдік тауарлар екен.

«Тері зеңімен ауыратын адамдардың саны жыл санап артып жатыр. Өйткені, экология құрып, халықтың денсаулығына кері әсер етуде. Тері зеңі тек аяқтың тырнағында, саусақтардың арасында ғана болмайды, ішкі ағзада да кездесіп жатады. Сондықтан, бұл өте қауіпті ауру. Осы орайда, біздің ғалымдардың теңдессіз дәрі ойлап тапқаны үлкен жаңалық»,-деді Медицина ғылымдарының докторы, Ілияс ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ.

Дәрінің негізіне тек табиғи қоспалар кірген, бастысы - адам ағзасына зиян тигізбейді. Қазір препарат дәл осы институт қабырғасында шығарылуда. Мамандар 1 айдың ішінде жұқпалы дертті емдейтін 15 мың дана жақпамай шығарып жатыр. 

Ферменттер құрылғысында жақпамайдың негізгі биосинтезі 4 тәулік ішінде өсіп шығады. Артынша жақпамай жасалады. 

Отандық фармацевтер шығарған жаңа өнім жақын арада дәріханаларға сатылымға шығады. Дәріге сұраныс артса мамандар өндіріс көлемін әрмен қарай арттырып, тіпті шетел нарығын да жауламақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

 

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир