|
04.04.2018 | 19:45
4024

«Әміре» фильмінің тұсаукесері өтті

Алматыда Париж аспанын әнге бөлеген Әміре Қашаубаевтың жарқын ғұмырынан сыр шертетін фильмнің тұсауы кесілді. Туындыда қазақтың тенор дауысты біртуар әншісінің 1925 жылы күллі әлемді тамсандырған қайталанбас жеңісі көрсетіледі. Көркем фильмді «Қазақфильм» киностудиясы мен америкалық режиссер Джефф Веспа түсірген. Картина Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына орай дайындалған.

Бұл көркем туынды шынында да әр адамның жүрегінен ерекше орын алары хақ. Өйткені, қазақтың тенор дауысты әншісі Әміре Қашаубаев жайлы тың деректер жоқтың қасы. Оның ғұмырының жарқын тұстары да әлі күнге дейін көпке белгілі болмай келеді. Ал қазақтың біртуар азаматы жайлы мұрағатта мүлде дерек сақталмаған. Тек қазақтың тарихынан оның есімін ешкім өшіре алмады. Алматыда Париж аспанын әнге бөлеген Әміре Қашаубаев жайлы фильмнің тұсауы кесілді. Қалың көпшілік Қазақстан кинематографиясын жаңа сатыға көтеретін картинаны 5 сәуірден бастап барлық кинотеатрлардан көре алады.

«Әміре туралы ұмыт болған тарихты қайта халықтың есіне салу бұл біздің басты мақсат. Жастар біздің елді әлемге асқақтатқан әнші туралы білулері керек деп ойлаймын. Бұрын Әміре Қашаубаев туралы деректі фильм, бірнеше кітап шыққан. Оны енді көркем туынды ретінде көрсетуді жөн деп шештік. Фильм ағылшын тілінде түсірілді. Бірақ прокатқа бірден үш тілде шығады», - деді фильмнің бас продюсері Әлидар ӨТЕМҰРАТОВ.

Әміре Қашаубаевтың рөлін Санжар Мәдиев сомдайды. Жас актер Париж аспанында қазақтың әуезді шырқаған кейіпкерінің өмірін жете түсініп, терең сезініп, соны көрермендерге жеткізуге тырысқанын айтады. Кедей отбасында өсіп, байдың малын баққан Әміренің аяғынан шалушылар көп болған деседі. Әкесінен ерте айырылған ол өмірдің қиын сәттерін басынан кешірген.

Ал Жаратқанның оған тартқан ең үлкен сыйы - Парижде өтетін конкурсқа шақырту. Деректерге сүйенсек, француздар қазақтың Әміресін сүйсіне тыңдаған екен. Дәл осы Еуропаға сапары оның өнердегі даңқын асқақтатса, ал өмірінде қиындықтар алып келді. Өйткені, ол онда жерлесі Кеңес Одағы тұсында сатқын саналған Мұстафа Шоқаймен кездескен. Осы жүздесуден кейін саясаттан хабары жоқ Әміре қара тізімге ілігеді.

«Әміре Қашаубайұлы 1925 жылы Парижде ән айтқан. Сонда Экспоның ішкі өзінің конкурстары болған. Әншілердің, халық аспаптары орындаушыларының, сонда Әміре екінші орын алды. Көрдіңіз бе? Парижге жиналған дүниежүзінің халықтарының өкілдері гуманист жазушылар бар, композиторлар бар, әншілер бар солардың барлығы Әміреге аузын ашып қалды», - деді  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, фильм кеңесшісі Жарқын ШӘКӘРІМ.

Одан бөлек, көркем туындыда Әміренің қайғылы тағдыры, танымал америкалық джаз композиторы Джордж Гершвинмен достығы да көрініс табады. Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» және тағы да басқа әндері орындалды. Картинаның басты эпизодтары Латвия мен Лос-Анджелесте түсірілсе, қалғаны Алматы облысындағы Үшқоңыр ауылының маңында түсіріліпті.


Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир