|
17.08.2018 | 18:06
4506

Әскери теңіз күштеріне 25 жыл: еліміздің судағы соғыс кемелерінің әлеуеті қандай?

Каспий теңізінде соғыс кемелерінің шеруі өтіп жатыр. Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада судағы соғыс машиналары қауіп-қатерге қаншалықты қауқарлы екенін көрсетті. Ал жуырда ғана осы Ақтауда өткен саммиттен соң теңіздегі территориямыздың тағы ұлғайғаны белгілі. 12-ден 15 мильге дейін өскен өңірді қорғау – судағы сарбаздардан сақтық пен сергектікті, қырағылықты қатаң талап етеді.    

Қойнауы бітпес байлыққа толы Каспий теңізінің ұзындығы 800, ені 450 шақырым. Иран, Ресей, Түрікменстан, Әзербайжан және Қазақстанға қарайтын қарт Каспийдің көп бөлігі – бізге тиесілі. Жағалау бойымен 1900 шақырым, ал теңіз ортасына қарай 12 миль осы уақытқа дейін біздің елімізге қарап келсе, саммиттен соң қашықтық 15 мильге ұлғайып, 27 шақырымнан асып түсті. Сәйкесінше, әскери-теңіз күштеріне де жүктелген міндет жоғарылады.

«Маңғыстау», «Сарыарқа», «Орал», «Қазақстан» атты алып кемелер су бетінен әуедегіні де қағып түсіруге қауқарлы. Оралдағы «Зенит» зауытында құрастырылған кеме теңіз түбінен төнетін қауіпті де алдын ала анықтай алады», – деді ҚР ҚМ ӘТК әртекті кемелер дивизионының командирі Бауыржан МҰРАТҰЛЫ.

Ақтау айлағында дәл осындай зымыранды артиллериялық 4 соғыс кемесі бар. Су соғыс машинасының экипажында боцман, матростар, кеме старшинасы сынды барлығы 35 адам он бес күнге кезекпен теңізге шығып, тыныштықты күзетіп келеді.

Теңіздегі тірегіміз саналатын техникаларда артиллериялық қару, калибрлі пулёметтер арқылы өзгеше модулдік тәсілмен ұрыс жүргізе алады. Көпсалалы осы соғыс кемелерінен өзге, мина-тралдық екі техника бар. Судағы сыйымдылығы 500 тоннаға дейін жететін ауыр әрі алып әскери кемелер Ақтау айлағына топтастырылған.

«Кеме өзінің үстінде артиллериялы зымыранды тасиды. Біздің кеменің құрылғылары үшеу. Кеме ұшында АКА-306 атты құрылғы бар. Ол суүсті және ауа құрылғысына қарсы қолданылады. Арбрет құрылғысы бар, ол ауа нысандарына қарсы және барер құрылғысы суүсті нысандарына қарсы қолданылады. Сонымен қатар, кемеде НСВП үлкен калибрлі пулеметтер бар. Ол аты айтып тұрғандай, орта қашықтықтағы нысандарды жоя алады», – деді ӘТК штурмандық жауынгерлік бөлімінің командирі Дастан ЕХСАН.

Теңіздегі броконерлік, шекараны рұқсатсыз кесіп өту сияқты заңсыздықтарға Қарулы күштер емес, ҰҚК-ге қарайтын шекарашылар кемесі жауапты. Ал әскери теңіз күштері кемесінің саны аз болса да, салмағы ауыр. Соғыс кемесі қазақ елінің айбары саналғандықтан, қайда жүзсе де оған кез келген рұқсатсыз жан жолай алмайды.

Өмір салты өзгеше теңізшілердің өздеріне тән заңдары да аз емес. Қазақстандық акватория секторында аумақ тұтастығынан басқа, экономикалық мүдделерді қорғауға, агрессорлық шабуылдарды тойтаруға құрылған теңіз күштері Каспий  маңы мемлекеттері ішінен лайықты орнын алған. Қазақ қарулы күштеріндегі  үштағанның бірі саналатын артиллериялық зымыранды кемелер тұрақтылықтың кепілі болып тұра бермек.


Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысынан


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир