|
23.04.2018 | 19:39
1629

Астана экономикалық форумы биыл ерекше өтпек

11-ші Астана экономикалық форумы биыл жаңа форматта өтпек. Жақын арада ұйымдастырылатын маңызды шараға қандай қонақтар мен мамандар келетіндігі қазірден бастап белгілі. Баяндама жасайтын спикерлердің тізімінде ел басқарған президент, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы хатшысы мен ғалымдар және бизнес әлемінің алпауыттары бар.

Елордамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Астана экономикалық форумы 2018 жылы да ерекше өтпек. «Global Challenges Summit 2018» деген атауға өзгертілген 11-ші экономикалық тақырыптағы басқосуда 450-ден астам спикер баяндама жасайды. Форумға қатысуын растаған делегаттар қатарында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, танымал физик Митио Каку, Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші хатшысы Пан Ги Мун, Грузияның Сыртқы істер министрі, Вице-премьері Михеил Джанелидзе, Эстонияның бұрынғы Президенті Тоомас Ильвес және тағы бірқатар азаматтар бар.

«Жақында басталатын Астана экономикалық форумының бұрынғы басқа форумдардан басты ерекшелігі - жаңа форматы мен жаһандық деңгейі. 10 жыл ішінде форум экономикалық идеялар мен практикаларды біріктіретін халықаралық алаңға айналды. Бүгінгі оған қатысуға әлемнің 150 елінен 50 мыңнан астам делегат, үздік халықаралық спикерлер қатысады деп күтілуде. Шара деңгейі халықаралық инвесторлар тартудан бастап, әлемдік экономикалық саясатты талқылайтын алаңға айналуына дейін артты», - деді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Ерболат ДӘЛЕНОВ.

Форумды ұйымдастырушылары оның бюджетін де атады. Келетін спикерлердің жол ақысы, жатын орындары мен шара өтетін ғимаратты жалға алуға мемлекеттік бюджеттен 400 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінбек. Ал баяндама жасайтын ірі мамандардың сыйақысын демеушілер өз мойындарына алады.

«Астана форумына қатысатын беделді қонақтарды жалпы үш топқа бөлуге болады. Біріншісі - бұл форумға қатысуға ниеті, уақыты және мүмкіндігі бар азаматтар. Олар еш ақысыз негізде форумға қатысады. Екіншісі - бұл форумға келуге дайын, алайда, олардың жол ақысы мен баспаналарының ақысын көтеру қажет болады. Үшіншісі - бұл өздерінің шарттық міндеттемелері аясында тек гонорарлық жүйеде ғана қатысатын тұлғалар. Оларды қаржыландыру демеушілердің қаражаты аясында жүргізіледі. Демеушілер спикерлермен өздері келіседі. Бюджет қаражаты бұл орайда жұмсалмайды», - деді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Ерболат ДӘЛЕНОВ.

Жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған «Global Challenges Summit 2018» сұхбаты ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ, әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғам­дастықтар өкілдерінің басын қосқан жиынға айналатын айдан анық. Осы жылы да спикерлер экономикалық және саясаттағы шешімі баяғыдан күттірген мәселелерді 17-19 мамыр аралығында тағы талқылайтын болады.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
Прямой эфир