|
26.04.2018 | 20:05
1218

Астана медициналық университетіндегі шу: оқытушылар жұмыстан шығарылды

Жүз он жеті студенттің IELTS сертификаттары жалған болып шыққан Астана медициналық университетінен студенттерден бөлек, мұғалімдер де кетіп жатыр. Оқу орнында өткен пресс-конференцияда басшылық осындай мәлімдеме жасады. Дәрігерлерді дайындайтын ордадан өз еркімен қызметінен декан, оның орынбасары мен бас маман босатылыған. Университет ректоры құжаттарды қабылдағанда бізден қате кеткен жоқ дейді. Тіпті, заң бұзушылықты тісімізбен татып білеміз бе деп шүйлікті.

Астана медициналық университеттің ректоры Мәжит Шайдаров ағылшын тілін меңгергендігін растайтын IELTS құжатының жалған екендігін 117 студенттің барлығы жақсы білген дейді. Біле тұра, резиденттер, магистранттар мен докторанттар оны жасырған. Былықты Білім және ғылым министрілігі жанындағы комиссия жария етпей тұрып, «мойындаңдар» дегенде 117 студенттің 33-і ғана келісіп арыз жазған. Ал қалған 84-і сертификат түпнұсқа деп, дес бермеген.

«Жасанды сертификаттарды кімнен және қайдан алды дегенде біздің университеттің білім алушылары көшеде бір әйел адам ұсыны дегенді айтады. Бұл деген баланың өтірігі ғой. Олардың барлығы ертең-ақ дәрігер болайын деп тұрған маман, ал айтып отырғандары мынау», - деді «Астана медицина университеті» АҚ ректоры Мәжит ШАЙДАРОВ.

Шайдаров сот шешімі шыққан соң жасанды IELTS сертификатын ұсынған білім алушылардың аты-жөндері жарияланып, еліміздегі барлық медицина мамандарын дайындайтын оқу орындарына жолданады деді. Ал «сертификаттарды неге оқу орны тексермейді?» деген сұраққа, мұндай норма біздің құзырымызда жоқ деп жауап берді.

«Сертификаттардың жасанды екенін тек сот-техникалық сараптама анықтай алды. Ал біз олардың жасанды екенін қолмен ұстап көріп, қалай анықтай аламыз? Мен де оларды көрдім, бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Ендеше, жасанды-жасанды емес екенін тіспен тексеруіміз керек пе?», - деді «Астана медицина университеті» АҚ ректоры Мәжит ШАЙДАРОВ.

Басы дауға қалған білім алушылардан бөлек, оқу ордасынан оқытушыларда шығарылған. Жасанды сертификаттар анықталғаннан кейін, осы құжаттармен оқуға қабылдаған бөлім деканы да қызметімен қош айтысыпты. Оның орынбасары мен бір бас маман өз еріктерімен жұмыстан кеткен. Ал оқудан шеттетілгендердің қолдарында дипломы болғандықтан, оларға қайтадан магистратура немесе резинтураға түсуге еш кедергі жоқ. Бірақ 117 адамның барлығы да өз қалтасынан төлеп оқуға міндетті. Қазіргі кезде оларға қатысты қылмыстық іс те қозғалған.

«Астана қаласының анықтау басқармасында қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 385-ші бап бойынша 27 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жіберілген. Олар бойынша соттың шешімі шыққан болатын. Бұл іс жіті бақылауға алынған ІІД басшыларымен. Тоқсанға жуық іс бойынша қысқа мерзімде процессуалдық шешім қабылданатын болады», - деді Астана қаласы ІІД ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Оқудан шеттетілгендердің 18-і өз құжаттарын қорғауға ниетті. Олардың адвокаттары университеттен шығарылғаны туралы бұйрық көшірмесі және сот тергеуі үшін қажетті қағаздарды сұрастырған. Ректор Мәжит Шайдаров талап етілген дүниелер еш кедергісіз қолдарына беріледі деді. Белгілі болғандай, сертификат дауына қатысты 117 студенттің 82-сі резидентурада, 24-і магистратурада және 11-і докторантурада оқыған. 66 азамат бірінші, 51-і екінші курста оқыған. Магистранттар ай сайын 61 мың 561 теңге, резиденттер 67 мың, докторанттар 81 мың теңге шәкіртақы алып отырған.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир