|
23.02.2018 | 21:10
1287

Астанада 35 мыңға жуық адам жеңілдігі бар көлік карталарына қол жеткізе алмай жүр

Астанада халықтың осал тобына жататын 35 мыңға жуық адам қоғамдық көлікте тегін жүру құқығынан айырылған. Азаматтар өздеріне тиесілі жеңілдікті ала алмай жүр. Рұқсат карточкасын беретін мекемедегі шикілік пен бітпес кезек кедергі, дейді. Тіпті, кейбір автобуста тегін рұқсат қағазың болмаса, кондукторлар дөрекі сөйлеп, шығарып жібереді, дейді көпшілік. 

Сәлима Жалмағанбетова бүгін шыдамады, көз жасын төкті. Есту қабілеті нашар Сәлиманың қоғамдық көлікте тегін жүруге құқығы бар. Соған қолым жетпеді деп қынжылады. Бірнеше баланың анасы, кенжесін өзгеге тастап, осымен үшінші күн бойы әкімдіктің жанынан құрылған «Жеңіл рельсті көлік» компаниясына келген. Бітпейтін кезек, компанияның қызметіндегі шикілік шаршатты, дейді.  

«Неге мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлек кезек бөлмеген? Дұрыс емес пе? Зейнеткерлерге бөлек қою керек қой. Күзетшілерін қойған. Ірі жігіттер. Бізге, егде жастағыларға қарсы күзетшілерді қоятындай не болды? Неге басшылық Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағыдай электронды кезекті көрсететін табло қоймайды? Осы әдіс көп жеңілдік берер еді», - деді Сәлима ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Компанияның қызметіне астана тұрғыны Раушан Шәріпованың да көңілі толмайды. Тәртіп жоқтығынан, кезектің ұзын-сонарлағынан біразының денсаулығы сыр берген.

«Тәртіп болу керек қой. Терезелер жасау керек деп айтып жатыр кісілер. Мүгедектерге бір терезе, келіп, тіркеліп жатқандарға бөлек. Оларға карточкаға түсу керек, процесстері көп. Біздерге, тек қана алып кететіндерге басқа терезе жасау керек. Сондай тәртіп болса дейміз енді», - деді Раушан ШӘРІПОВА.

Зейнет жастағы келушілер де арманға айналған карточкасыз қалада жүру мүмкін еместігін айтады. Қолыңда болмаса, кондукторлар жасыңа қарамай кез келген аялдамада түсіріп кетеді екен.

 «Автобуста қуып шығады. «Төлемедің бе, шық» дейді. «Неге» десем, «сіздерге баяғыда арнайы карточкалар дайын болған» деп жауап қатады. Алайын десем, адам көп. Маған тек астра карточканы алып кету керек. Бірақ оған қол жеткізу үшін 2 күн күтіп жүрмін. Кеше қанша күтсем де ала алмадым. Кезегім келмеді. Бүгін де 320 - шымын, ал қазір тек 280 адам қызмет алып жатыр», - деді Раушан ӘБІҚАРОВА.

Халықтың наразылығын тудырған барлық ыңғайсыздықтар жойылып жатыр, деді компания өкілі. Бүгінде кезекті электрондық түріне ауыстыру үшін тиісті жұмыстар жасалуда.  Мамандар дәп қазір қалада өзге де қызмет көрсететін нүктелерінің ашылмауын, дайын карточкаға келетіндер шатасып, әбігерге түсетіндігімен түсіндірді.

«Жақында электронды кезектің жайын реттейтін боламыз. Келген халықты көп күттірмес үшін. Қазір оған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде біз күніне 800-ге жуық адамды қабылдай аламыз. Олардың көбісі карточкаларын алып кетуге келетіндер. Басымы кезінде белгілі себептермен оны алмаған», - деді Астана «Жеңіл рельстік көлік» ЖШС өкілі Дәурен НҰРӘЛИЕВ.

Астанада қоғамдық көлікте тегін жүруге 114 мың адам құқылы. Олардың тек 80 мыңы ғана жеңілдікті пайдаланып жүр. Ал қалған 35 мыңы ақысыз қатынауға құқылы болғанмен, қолында дәлелдейтін қағазы жоқ.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир